Әскер • 08 Ақпан, 2025

Объективтегі әскер: журналистер жауынгерлердің шынайы өмірін көрді

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында Гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің базасында ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевтың басшылығымен отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен мерзімді қызмет сарбаздарының ата-аналары үшін тақырыптық баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Объективтегі әскер: журналистер жауынгерлердің шынайы өмірін көрді

Сапар барысында баспасөз өкілдері әскери бөлімдердің бірнеше негізгі нысандарын, яғни жауынгерлер ұрыс қимылдарына жаттығатын оқу полигондарын, сондай-ақ техникалық қамтамасыз ету орталықтарын аралап шықты. Журналистер мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен де танысты. Олардың жауынгерлік даярлығының қыр-сырына қанықты. Сонымен бірге, сондағы білікті әскери қызметшілер тарапынан республикалық ауқымдағы түрлі оқу-жаттығуларға қатысты және басқа да мәселелерге байланысты тұшымды жауап алды.

1

Сонымен қатар, журналистер әскери қызметшілердің қызмет ету және тұрмыс жағдайларын көрсететін тұрғын және оқу корпустарына да барды. Қолбасшылық өкілдері Қарулы Күштерді жаңғырту, жеке құрамды даярлау бағдарламалары және Құрлық әскерлерін дамыту перспективалары туралы қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сапар барысында әскери техника саласындағы ең жаңа әзірлемелер, сондай-ақ тактикалық және дене шынықтыруды қамтитын оқу процесінің ерекшеліктері көрсетілді.

2

«Журналистермен өтетін мұндай кездесу біздің әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығын және оның деңгейін шынайы көрсете отырып, олардың қызметі туралы объективті пікір қалыптастыруға көмектесетініне сенімдіміз. Сапар Қарулы Күштер жұмысының ашықтығын нығайту мен жұртшылықпен сенімді қарым-қатынас орнатудағы маңызды қадам болды», деп атап өтті генерал-майор Мереке Көшекбаев.

Баспасөз турына қатысушылар мұндай сапарлардың Қарулы Күштердің оң имиджін қалыптастыру және әскери және азаматтық қоғам арасындағы ашық диалогты дамыту үшін маңызды екенін айтты.

3

«Ұйымдастырылған бұл шара бізге армияның жұмысын тікелей көзбен көруімізге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде біз әскери өмір мен онда кездесетін әртүрлі қиындықтар туралы, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асатын жеке құрамды дайындау ісі жайында жан-жақты мағлұмат алдық»,  деп атап өтті белгілі қазақстандық блогер Тимур.

4Баспасөз турының соңында оған қатысқан Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ашық және мазмұнды кездесу үшін және әскери қызметшілердің ұйымшылдығы мен жоғары кәсібилігіне өз ришалықтарын білдірді.