Қоғам • 12 Ақпан, 2025

Мемлекеттің басты байлығы банк емес, «халық» - Ринат Зайытов

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатқан алаяқтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттің басты байлығы банк емес, «халық»  - Ринат Зайытов

Фото: Ашық дереккөз

Депутаттың пікірінше, адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп, білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ халыққа ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр.

«Солардың бірі – «онлайн алаяқтық». Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатуда. Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған», деді Ринат Зайытов.

Зайытов келтірген мәліметтерге сүйенсек, Республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250 - бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254 - бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған.

Оның айтуынша, бір түсініксізі бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Сонымен қатар алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Депутат мұның халыққа жасалған орынсыз қиянат екенін тілге тиек етті.

«Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайраңдамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, «халық» екенін есіңізге салайын», деді депутат.

Ринат Зайытов жоғарыда айтылғандардың негізінде келесідей ұсыныстарды ұсынды:

  1. Екінші деңгейлі банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруы және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тиым салу шараларын қарастыруы керек.
  2. Халықтың шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктерге өз тарапынан өтеу міндетін жүктеу қажет.