Қоғам • 12 Ақпан, 2025

«Ауыл аманатын» қаржыландыру тетігі қарын аштырады - депутат

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутатты Мақсат Толықбай  «Amanat» партиясы қолға алған «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуына байланысты айтылып жатқан сын аз еместігін айтып,  Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ауыл аманатын» қаржыландыру тетігі қарын аштырады - депутат

Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба – осы болғандықтан одан үміт күтетін ел көп. Бірақ, сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес.  

«Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре-сарсаңға салуға дайын. Әлжуаз әлеуметке бюрократия үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады.

Жобаны қаржыландыру тетігі де қарын аштырады. Негізі жобаның басты мақсаты - 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты, былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд. теңге бөлінген. Бұны екі деп қойыңыз», деді депутат М.Толықбай.

Депутаттың пікірінше тағы бір өзекті мәселе кадр тапшылығы. Кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді.

Сондай-ақ депутат пилоттық ауылдар жобасы принципін міндетті түрде қалдыру қажет екенін айтты.

«Әйтпесе, жобаның мәні жоғалады, жоба тек кредит беретін кезекті бағдарлама ретінде баянсыздың күнін кешеді.

Әрине, осыдан біраз бұрын Президент назарына ұсынылған Жамбыл облысындағыдай барлығы бақуатты болмайтыны анық. Бірақ, пилоттық принцип тоқтаса, онда ауыл кооперативтерін құрудың, тиісінше, лизингке техника берудің де қажеті болмай қалуы мүмкін.

Ең қызығы, кооперативттер құру деген не? Оның механизмі қандай? Бұны жергілікті атқарушы органдардың өзі түсінбей жатады. Сонда оны қарапайым халық қайдан түсінеді?», деді депутат. Оның айтуынша сол орайда  түсіндіру жұмыстарын ширатқан жөн.

Депутаттық сауалда сонымен қоса, ауыл халқының табысын көтеру үшін, тұрғындарды ауыл шаруашылығы бойынша технологиялық карталарға оқыту мәселесі өте өткір болып тұрғаны айтылды.

«Бұны Мемлекет басшысы Жолдауында «Пилотты режимде «Аманат» партиясының Мерке ауданында ашқан «Агросауат» оқу орталығын барлық аудандарда ашуды Үкіметке тапсырамын», деді. Бірақ, бұл тапсырма бойынша Үкімет те, өңір әкімдері де қылаудай шешім қабылдамаған. Бұл үкіметке, әкімдіктерге сын», деді Мақсат Толықбай.

Депутаттың айтуынша «Агросауат» орталығын іске қоспай, қалыптастырмай ауыл халқының табысын көтеру мүмкін емес, бұл – жүйе қалыптастыратын, білмегенге үйрететін, білгенге қолдау болатын орталық.

«Сондықтан, «Агросауат» оқу орталықтарын ашу туралы министрліктің жоспарымен тез арада таныстыруыңызды сұраймын», деген депутат Мақсат Мәлікұлы ауыл шаруашылығы саласындағы бұдан да басқа бірнеше мәселелерді қозғады.