
Фото: Ерболат РАЙСОВ
«Қадірлі өнерсүйер ағайын! Қаратөбе ауданы - үш жүзге ән оздырған сал Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендір Хасанғалиевтай өнер майталмандары дүниеге келген қасиетті өлке. Біз, қаратөбеліктер осындай өнер майталмандарын әрқашан мақтан тұтамыз. Бүгін ел мақтанышына айналған Ескендір ағаны сағына еске алып, өнерін ұлықтап, асқақ рухын жадымызға сақтай отырып, «Атамекен» әнін аудан халқы болып бірге шырқаймыз», деді жиналған топтың алдында Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.
Әйгілі композитор мен ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылық одағынан туған «Атамекен» әні – күллі қазақстандықтың жүрегіне бекіген, туған жерге деген махаббатын, сағынышын бейнелейтін шоқтығы биік дүние.