Қоғам • 13 Ақпан, 2025

Ақшаны қате аударған жағдайда не істеу керек?

103 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақшаны қате аудару – кез-келген адаммен болуы ықтимал жағымсыз жағдай. Кейде бұл шоттың нөмірін немесе телефон нөмірін қате теру, ал кейде ақшаны басқа адамға аударып жіберетін кездер болады. Қалай болғанда да, ақшаны қайтару, әсіресе, ақшаны алған адам байланысқа шыққысы келмеген жағдайда қиынға соғуы мүмкін. Fingramota.kz мұндай жағдайларда не істеу керек, ақшаны қайтарудың қандай жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақшаны қате аударған жағдайда не істеу керек?

Фото: Ашық дереккөз

Бұл ретте, қате жасалған аударымдардың барлығын сол сәтте болдырмау мүмкін еместігін түсіну қажет. Егер ақшаңыз алушының шотына аударылып кетсе, оны қайтару процесі қиынға соғады.

Егер сіз ақшаны қателесіп аударып жіберсеңіз не істеу керек? 

Дереу банкпен байланысыңыз. Егер сіз аударым жасағаннан кейін қателескеніңізді бірден білсеңіз, дереу өз банкіңізбен байланысыңыз. Кейбір жағдайларда, әсіресе, егер аударым әлі өңделіп үлгермесе, банк транзакцияны болдырмауы мүмкін. Мобильді қосымшадағы чатты пайдаланыңыз немесе қолдау қызметіне жедел түрде қоңырау шалыңыз. Егер ақша сіздің шотыңыздан алынып, басқа шотқа аударылса, онда басқа шешім талап етіледі.

Алушымен байланысуға тырысыңыз. Егер сіз ақшаны кездейсоқ басқа адамға жіберген болсаңыз, оның байланыс деректерін табуға тырысыңыз (мысалы, мобильді банк немесе төлем тарихы арқылы) және тікелей хабарласыңыз. Жағдайды сыпайы түрде түсіндіріп, қаражатты қайтаруды сұраңыз.

Алушының банкіне хабарласыңыз. Егер тікелей байланыс мүмкін болмаса, ақша жіберілген банкке хабарласыңыз. Қате аударымды  қайтару туралы өтініш жазыңыз. Бұл жағдайда банк алушыны сұрау салу туралы хабардар ете алады және ақшаны өз еркімен қайтаруды ұсына алады. Бұл ретте аударым күні мен уақыты, сомасы, ақша жіберілген шот немесе карта нөмірі және қатенің сипаттамасы қажет болады.

Егер алушы ақшаны қайтарудан бас тартса, онда ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз беруге болады, себебі қолданыстағы заңнамада, ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз байыту» ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз. Ол үшін алушы сотқа дейінгі өтінішті жіберуі, ақша аударымын растауы (банктен үзінді көшірме) және сотқа арыз беруі қажет. Сот көп жағдайда ақшаны қайтаруға міндеттейді, бірақ бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін.

Кейде жағдай керісінше сізге күтпеген жерден ақша келіп түсуі мүмкін. Бұл ретте қаражаттың сіздікі емес екенін және оларды пайдалану заңды салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіну маңызды.

Мұндай жағдайда банкке хабарласып, белгісіз қаражаттың аударылғаны туралы мәлімдеу керек. Сондай-ақ, бұл ақшаны жұмсамауға тырысыңыз, банктің ресми өтінішін күтіп, егер жіберуші қайтару туралы өтініш білдірсе, қаражат сіздің қатысуыңызсыз есептен шығарылуы мүмкін.

Сонымен қатар кейде алаяқтар көбінесе ақшаны әдейі аз мөлшерде жіберіп, содан кейін оларды басқа шотқа қайтаруды талап етеді. Бұл ақшаны жылыстату, сізді «қаржылық схемаға қатысушы» мәртебесіне ауыстыру немесе жеке деректеріңізді сұрау әрекеті болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, «Қате аударымдары» бар схемаларды көп жағдайда дропперлер пайдаланады. Егер сіз оларға көмектесіп, ақшаны олар көрсеткен шотқа аударсаңыз, олар сізге «мазалағаны үшін» деп, қаражаттың бір бөлігін қалдыруды ұсынуы мүмкін. Алайда, кейіннен зардап шеккен адам сізден барлық соманы азаматтық тәртіппен өндіріп алуы мүмкін.