Аймақтар • 13 Ақпан, 2025

Әлия Молдағұлованың музейі қайта жасақталды

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың  Ақтөбе қаласындағы мемориалдық музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициялары   сандық жүйеде қайта жасақталды. Жаңа экспозицияның диорамаларында 3D-mapping, AR-технология, сандық сторителлинг, жасанды интеллект, голограмма пайдаланылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлия Молдағұлованың музейі қайта жасақталды

Келушілер VR  көзілдірік арқылы 1930 жылдардағы  Бұлақ ауылындағы  Әлияның әке-шешесі Нұрмұхамед Сарқұлұлы пен Маржан Молдағұлқызының үйін көре алады. Мұнда ХХ ғасыр басындағы  ауылдың қам кірпіштен соғылған үйлерін, шаруашылық заттарын, адамдарының тұрмысын, тұтынған дүниелерін көруге болады. Экскурсия жүргізушісінің орнына қойылған промутер келушілерге бес тілде ақпарат береді. Сондай-ақ музей төрінде Әлияның жауынгерлік киімдері, майданнан жазылған хаттары,  әскери билеті,  Ленинградтағы балалар үйінің, мергендер мектебінің  тарихи фотолары, батыр туралы әр жылдары жарыққа шыққан кітаптар мен түсірілген фильмдер қойылған.

1

1987 жылы салынған Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінде 11 мыңнан астам экспонат бар. Мекеме директоры Жанар Мақсұтованың айтуынша, қор жазға дейін тағы да жаңа  деректермен толығады. Биыл Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына  100 жыл. Ол 1925 жылдың маусымында Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келіп, 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысы Новосокольники ауданында ерлікпен қаза тапты.

2