Өшпес даңқ • 14 Ақпан, 2025

«Мүгедек болсақ та, біріміз тірі қалсақ...»

162 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Заңғар жазушы Ілияс Есенберлинді біз ұлтының тарихи санасын көркем әдеби шығар­малар арқылы оятқан қайраткер қаламгер деп білеміз. Бірақ оның Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер екені көп айтыла бермейді.

«Мүгедек болсақ та, біріміз тірі қалсақ...»

Бір қызығы, Ілекеңнің майдан тақырыбында сөз қозғап, жазған-сызғаны жоққа тән. Бірақ бірге туған жалғыз інісі Раунақ Есенберлиннің естелігінде («Менің негізгі адамым». Естелік­тер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001) біршама мәлімет бар екен. Інісінің жазуына қарағанда «соғыс басталған тұста Ілияс Рига қаласында әскери-саяси училищені бітіріп жат­қан еді». Демек, Ілекең 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, армия қатарына шақырылған. Қызыл Армия кадр тапшылығынан жоғары білімі бар солдатты әскери училищеге жіберіп, бір жыл оқытқан. «Мен ұрлық істегенде ай жарық болды» дегендей Есенберлин әскери оқу бітірген жылы соғыс басталып кетеді де, болашақ қаламгер майдан шебінен бір-ақ шығады. Қаршадайынан жетімдік көріп, әбден шыныққан жасты соғыс өрті одан әрі шыңдай түскен тәрізді.

Осы күндері, соғыс басталғанына он шақты күн өткен шілде айының алғашқы аптасында Раунақ Есенберлин Смоленск облысына қарасты Вязьма қалашығы маңында қорғаныс құрылысын салуға жіберіледі. Қара жұмыс істеп жүріп: «Жаз бойы майданға аттанған Ілиястан еш хабар ала алмай қапаландым», деп жазады Ілекеңнің жар дегенде жалғыз інісі.

Сөйтіп, ала жаздай қорғаныс шебінде жұмыс істеген Раунақ қазан айында Мәскеуге оралса, майдандағы ағасы Ілиястан үшбу хат келіпті. Ол хатта ағасы: «Соғыстың бірінші күндерінен бастап мен артиллерия батареясының политругі (саяси жетекшісі) болып тағайындалдым. Өте ауыр жағдайда соғысып жатырмыз. Бірақ мен үшін ұялмайсың. Сенің де Отан алдындағы парызыңды өтейтініңе күмәнім жоқ. Бұндай сұрапыл соғыста жол кесу қиын. Мүмкін қаза табармыз. Мүмкін мүгедек болып, тірі қалармыз. Менің тәңірден бар сұрайтыным: біреуіміз, қандай түрде болсын, әйтеуір тірі қалып, елге барып, ағайын-жекжатты қуантсақ деймін. Жеңісті өз көзімізбен көрсек», депті.

Яғни, Ілекең адамзат тарихындағы ең бір қиын кезең ажал ұрығын сепкен қанды соғыста «тәңірден тілерім: мүгедек болсақ та біріміз тірі қалсақ екен», дегені.

– Осы хатты оқыған соң, – дейді інісі, ағамның «мүгедек болсақ та» деген сөзі жанымды тебірентті және «жеңісті өз көзімізбен көрсек» деп айтқаны неткен сұңғылалық. Соғыстың алғашқы айында кеңес әскерлері немістердің жойқын соққысына төтеп бере алмай торғайдай тозып, тозаңы шығып жатқан тұста «жеңісті көзімізбен көрсек» деуі сұңғылалық емей не?

Қысқасы, үлкен Есенберлин майданда, қан кешіп жүр. Інісі эвакуацияға ілініп Том (Томск) қаласына жіберіледі. Себебі қаладағы әскери мақсатта құрылған зауыттарға жұмысшы қажет. Бірақ бұл жер Раунаққа түбегейлі тұрақ болмаған көрінеді. 1941 жылдың желтоқсан айында, Жоғары Бас қолбасшының «Соғыс кезінде қажет мамандар (әсіресе инженерлер) сарқылып қалмау үшін жаңадан кадрлық резерв дайындау туралы» бұйрығы шығып, осы шешім бойынша майданға аттанғалы тұрған Раунақ Свердловск қаласындағы Н.Е.Жуковкский атындағы соғыс-әуе күштері академиясына оқуға жіберіледі.

 – Осы жылдары майдандағы ағамды ойымнан бір сәт шығармадым, – дейді Раунақ естелігінде.

Көп кешікпей ол ағасынан хат алады. Ілияс Новгород облысындағы Старая Русса үшін болған шайқаста ауыр жараланып, Кострома гостипалінде жатқаны туралы жазыпты. Раунақ дереу ағасын іздеп жолға шығады. 1942 жылы қаңтар айының ортасында екеуі кездеседі. Бұл оқиға туралы «Ағалы-інілі екеуіміздің бұл кездесуіміз алаңсыз қуаныш пен үрей сезімін көңілге қатар ұялатты. Бұл ызғарлы кезеңдегі ұмытылмас ерекше қауышу еді. Келсем ағам гипсте жатыр екен. Оң аяғы жарақаттанған. Ампутация жасап дәрігерлер аяқты кескілері келген екен. Ілияс оған қарсы болып, аяғын кестірмепті» деп жазады («Менің негізгі адамым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 285-б).

Ағайындылар кездесуі барысында Ілияс айтады: «Шабуылға шығып жауға қарсы жүгіргенімде аяғыма оқ тиді. Біз үшін өте маңызды нәрсе – оқтың қалай, қай жақтан тигендігі. Менің жо­лым болғанда оқ аяғымның өкше жағынан емес, алдыңғы жағынан тигендігі. Бұл оқиға – біз неміс­терден қашып бара жатқанда емес, керісінше оларға қарсы жүгіргенімізде тигенін дәлелдеп тұр». Осыны айтып ағасы терең күрсінген екен.

Майдан қолбасшысы шайқаста құрамды майданға бастап шыққан политрук Есенберлинді «Қызыл Ту» орденіне ұсынған екен. «Бірақ ол орденді Ілияс соғыс кезінде де, соғыстан кейін де алған жоқ. Награда листогі бір жерде жоғалғанға ұқсайды. Әскери комиссариат салақсып сұрау жасамаған. Ілиястың өзі де орденін іздеуге құлшынып кіріскен емес. Жазушылығына алған белгілерімен қанағаттанды. Ол ондай дүниелерге алтын уақытын кетіріп мансап іздеуді ұнатпайтын. Сылдырлаған, жылтырағанға құмар азаматтарды жек көретін» деп жазады інісі Раунақ.

Жоғарыда политрук Есенберлиннің «Мүмкін мүгедек болып, бірақ тірі қалсам ризамын» дегенін айтып өттік. Тілегін тәңір қабыл еткен екен. Бұндай жағдайда орденді не қылады текті туған ұл.

Содан госпиталде жарты жыл жатқан Ілиясқа үкімет мүгедектік тағайындайды. Өйткені бір аяғы екіншісінен екі сантиметр қысқарып қа­лыпты. Балдаққа сүйеніп гостипалден шыққан Ілияс аяңдап академияда оқып жатқан інісіне келеді. Раунақ:

– Аға, енді не істейсіз?.

– Мен өлімге қарсы жүгірдім. Жарақаттандым. Өзімнің туған елімді, алғаш тәй-тәй басқан жерімді қорғадым. Маған ең қымбат дүние осы. Енді ардақты еліме қайтам, – депті. Осылай по­йызға отырып, еліне келе жатқанда, қанды қасап­тан аман оралғанына шүкір етіп Ілекең мына бір «Елге қайтқанда» деген жырын жазыпты:

«Түтіні өркештеніп будақ-будақ,

Келеді оқтай ағып поезд зулап,

Майданнан жараланып елге қайттым,

Жүрегім дүрсілдейді аттай тулап...

 

Жұлдыздай зымырайды поезд ағып,

Самал жел сыбырлайды сырын шағып,

Мен тұрдым көзімді алмай терезеден,

Қиялым әлде қайда қанат қағып...

 

Аймалап сүймек болып мауқын басып,

Күн күліп, тоғай шулап, өзен тасып,

Туған жер анамдай-ақ аңсап күткен,

Қарсы алды жұпар төгіп қойнын ашып.

 

Қуаныш сол бір кезде мені де ертіп,

Шаттықтың балын ішіп көңілім елтіп,

Тасыған үнім сыймай көкірекке,

Жібердім жүрек қылын шертіп-шертіп.

 

Қуандым, елжіредім, жанып-күйдім,

Құрметтеп туған жерге басымды идім,

Поездың бір тоқтаған мезгілінде,

Құшақтап топырағын барып сүйдім».

Осылай балдаққа сүйеніп Алматыға орал­ған Ілияс Есенберлин драма театрдың әде­биет бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасады...