Технология • 14 Ақпан, 2025

Ғалам өзгеріс алдында тұр

1259 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде қоғам назары жасанды интеллектіге ауған. Өйткені жобалар мен ғылыми зерттеулердің дені жасанды зерде арқылы іске асып жатыр. Шынында да, ЖИ-ді адамзат тарихында революциялық жаңалық деп айтуға болады. Сарапшылардың пікірінше, ЖИ адамның бес сезім мүшесінің бірін қайталай алатын немесе адам санасына ұқсас ой жүйесі бар бағдарламалардан тұрады. Мысалы, көру және естігенін тану қабілетіне ие жүйелер – ЖИ-дің бір түрі. Сонымен қатар адам кейпіндегі роботтар да ЖИ көмегімен жасалған. Қазіргі уақытта жасанды зерде өндіріс орындарында, әскери салада, дрондар мен зымыран жасауда кеңінен қолданылып жатыр.

Ғалам өзгеріс алдында тұр

Сарапшылар ЖИ мүмкіндіктерін бірнеше дәрежеге бөліп қарастырады. Соның ішінде ең алғашқысы – болған жағдайдан сараптама жасау мүмкіндігі. Мәселен, егер әлемдік сауда немесе демографиялық ахуал туралы білгіңіз келсе, ЖИ сізге барлығын сараптан өткізіп, мәліметті алдыңызға дайын күйінде бере алады. Сондай-ақ бір өнім шығарса­ңыз, оны сатуға көмектесіп, маркетинг стратегиясын құрып береді. ЖИ-дің мемлекеттік қызмет­ке де жәрдемі орасан зор. Айталық, оның көмегімен статистикалық дерек­­терді есептеп шығаруға болады. Жасанды интеллектінің жоғары мүм­кіндіктерінің бірі – кез келген мәселеге байланысты болжам жасай алатыны. Мәселен, медицина саласында ЖИ дәрігердің көмегінсіз-ақ қан сынамасы нәтижесіне қарап, денсаулық жағдайыңыз туралы айтып бере алады. Қайбір жылдары «General Electric» компаниясы жасанды интеллект пен он үздік медицина маманы­ның қатерлі ісікті анықтау дәлдігін салыстырып көрген. Нәтижесінде, жасанды интеллектінің болжамдары дәрігерлердің қорытындыларына қарағанда дәлірек шыққан. Бүгінде «ChatGPT», «Gemini», «Microsoft Copilot» сияқты жасанды интеллект өнімдері адамдардың сенімді серігіне айналып келеді. Интернет пайдаланушылары олардың көмегімен кез келген тақырыпта мәтін жаздырып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады.

Ғалымдар ғылыми дамуды үш кезеңге бөледі. Бірінші кезең – 2020 жылға дейінгі уақыт. Бұл кезеңде барлық технологияны адамдар өздері басқарды. Жасанды интеллектінің ықпалы бола қойған жоқ. Екінші кезең – қазіргі уақыт. Бұл өтпелі кезеңде нейрожүйелер қарқын­ды дамып, түрлі салаларда кеңінен қолданылып жатыр. Үшінші кезең – 2030–2035 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезде технологиялардың бар­лығы дерлік жасанды интеллектіге негізделеді. Ғалымдар бұл кезеңге «бесінші өндірістік революция» деген атау берген.

Бүгінде компьютерлердің қуа­тын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Тайвань – әлемдегі микрочип өндірісінің же­текші орталығы. Онда нанометр­мен өлшенетін, өте кішкентай әрі қуатты микрочиптер шығарыла бастады. Сонымен қатар «Google», «Microsoft» секілді ірі компаниялар кванттық компьютерлерді дамытып жатыр. Бұл компьютерлер қазіргі компьютерлерге қарағанда жүздеген есе жылдам жұмыс істейді. «Google» өкілдері­нің айтуынша, олардың жаңа квант­тық есептеуіш құрылғысы 200 секунд ішінде қазіргі ең күрделі есептерді орындап шық­қан. 2020 жылы АҚШ үкіметі квант­тық компьютерлерді дамыту және олар­ды на­рыққа шы­ғару бойын­ша 5 жыл­дық бағдарла­ма қа­былдады. Са­рап­шы­лардың сөзінше, кванттық компьютерлер алдағы бес жылда кең таралмауы мүмкін. Бірақ одан кейінгі бес жылда олар қалта телефоны сияқты әр адамға қолжетімді құралға айналады. Жасанды интеллект негізіндегі роботтар да дәл осы микрочиптермен жабдықталады. Мұндай роботтар адам сияқты ойланып, шешім қабылдап, өзін-өзі басқара алады. Сонымен қатар зерттеушілер 2030 жылдан бастап, еңбек нарығына араласатын түлектер біз білмейтін жаңа мамандықтарды игеретінін айтады. Ғалымдар бұл кезеңді бекер «бесінші өндірістік революция» деп атамаса керек.

Ендігі жерде еліміз осы алдағы технологиялық даму көшінен қалып кетпеуге тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында жасанды интеллектіні қолға алу ұлттық стратегиялық маңызды қадам екенін атап өткен еді. Осыған орай еліміздің бас басылымында осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы жуырда арнайы мақала жарияланды. Онда еліміз тұңғыш рет «Alem.Al» деп аталатын жасанды интеллект ұлттық орталығы құрылатыны, ол «EXPO» кешенінде орналасатыны айтылған. Дегенмен оның болашақта қалай жұмыс істейтінін, нәтижесі қандай болатынын уақыт өзі көрсетер. Ал өркениетті елдер ұмтылған озық технологиядан өз үлесімізді алудың бірден-бір жолы ол сол саланы жетік білетін мамандар даярлау ісі екені анық. Бұл ретте Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚУ-да бүгінгі заманға лайықты ІТ мамандарын ­даярлау мәселесі өте тыңғылықты қолға алынып жатыр. Тіпті аталған жоғары оқу орны өзінің 80 жылдық мерейто­йында алғаш рет жасанды интеллек­тіні қолданып келген қонақтарды ­таң-тамаша еткені бар. Қалай болған күнде де алдағы онжылдықта әлемдік ғылым жүйесін түбегейлі басқа арнаға бұрып жіберетін ғаламат өзгерістер болғалы тұр. Сол жаңалықтар ішінде қазақ елі де өзінің несібесінен айырылып қалмау керек.

 

ШЫМКЕНТ