
Фото aa.com.tr
Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту керек
Петропавлда өткен Премьер-министр Олжас Бектеновтің бизнес қоғамдастықпен кездесуіне кәсіпкерліктің әртүрлі салаларының 60-қа жуық өкілі, соның ішінде ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ ШОБ, микробизнес және жеке кәсіпкерлік өкілдері қатысты. Үкімет басшысы салық жүйесіндегі кез келген өзгерістердің, ең алдымен бизнеске қатысы барын, алайда мемлекет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.
– Қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болды. Салық мөлшерлемелерін төмендету және көптеген жеңілдікті енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстардың кірістерден айтарлықтай асып түсетін бюджеттің теңгерімсіздігіне әкелді, – деп атап өтті О.Бектенов.
Бюджетті теңдестірудің сценарийлері шектеулі. Оның бір нұсқасы – Ұлттық қорды тапшылықты жабуға пайдалану, бірақ бұл тәсіл оның тез түгесілуіне алып келеді. Балама жол – әлеуметтік шығыстарды қысқарту, олар мемлекеттік бюджеттің 60%-ын құрайды. Дегенмен, Премьер-министр атап өткендей, Қазақстан әлеуметтік мемлекет және өз міндеттемелерін орындайтын болады. «Оңтайлы нұсқа – бюджеттің кіріс бөлігімен жұмыс істеу, яғни салық мөлшерлемелерін түзету және салық режімдерін қайта қарау» деген Олжас Бектенов Үкімет осы тәсілді ұстанатынын айтты. Үкімет жетекшісі қаражаттың экономикаға қайта құйылатынын, бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын атап өтті. Олар мемлекеттік аппаратты кеңейтуге бағытталмайды.
– Біздің міндетіміз – бизнес пен экономиканың тұрақты өсуі үшін жағдай жасау. Бюджеттің қосымша кірістері бизнестің өзі ұсынатын жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заманауи инфрақұрылымсыз, энергия көздері, жылу және электр желілерісіз бизнес дамымайды. Энергия көздерінің тапшылығы көбінесе жаңа жобаларды іске асыруға кедергі болады, – деді О.Бектенов.
Дербес салық реформасы
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Ақмола облысының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Жиында салық реформалары, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі талқыланды. Д.Темірбеков ҚҚС сараланған мөлшерлемелері бойынша Үкіметтің ұсыныстарын жеткізді. Қосылған құн салығының жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланған. Бірқатар салаларға 10% аралық мөлшерлеме енгізіледі. Осылайша, Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесін саралау: 16%, 10%, 0%, салықтан босатуды қамтиды.
– ҚҚС өсімі үй маңындағы дүкендерге, мейрамханаларға, сұлулық салондарына және басқа да бөлшек сауда орындарына әсер етпейді, – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев.
Ал Ақмола облысы Туристік қауымдастығының басшысы, туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов салықты көтеруден басқа, бюджет шығыстарының құрылымын сыни тұрғыдан қайта қарау маңызды дейді.
– Өткен жылы енгізілген қатаң бюджеттік ережелердің сақталуына бақылауды күшейту қажет, ел экономикасының ішінде резервтерді іздеу қажет. Еңбекақы төлеу қорына салық жүктемесінің 10%-ға төмендеуі ҚҚС мөлшерлемесін көтеру есебінен өтемақымен қатар жүрмеуге тиіс, ол дербес салық реформасы болуы керек, – дейді ол.
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек қосылған құн салығында мөлшерлеме мен шекті тіркеу мәселесі ақылға қонымды түрде қабылдануы керек дейді.
– Ақмола бизнес-қоғамдастығының пікірі ескеріледі деп үміттенеміз, біз әріптестеріміздің барлық ұсынысын ҰКП Орталық аппараты арқылы қаржы министрлігіне жазбаша түрде жолдаймыз. ҚҚС мөлшерлемесі мен шекті тіркеу мәселесі білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып, ақылға қонымды түрде қабылдануы керек, – деп толықтырды ол.
Ең төменгі мөлшерлеме
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновпен кездесті. Жиында алдағы салық реформалары, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселелері талқыланды.
– Еліміздегі ҚҚС – ең төмен мөлшерлемелердің бірі. ҚҚС табыстың маңызды көзі екеніне қарамастан, 2022 жылы оның үлесіне ІЖӨ-нің тек 4%-ы ғана тиесілі болды, бұл салыстырмалы кіріс деңгейі 7% болатын елдер бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. ҚҚС-ты нығайту кірісті арттырып қана қоймай, мұнайдан түсетін құбылмалы кірістерге тәуелділікті азайтады және еліміздің инфрақұрылым мен индустрияны дамыту бағдарламасын қаржыландыруға көмектеседі, – деді вице-министр.
Шымкент қаласы ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі, «Керемет-Оңтүстік «бөбекжай бағы» басшысы Диана Қараманова әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-дан босатуды немесе қызметтердің қолжетімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды. Ал Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жеке клиникалар қауымдастығының» басшысы Әнуарбек Маймақов медицинадағы жоғары мөлшерлеме медициналық көмекке қол жеткізуді қиындатуы мүмкін екенін айтты. Салалық кеңес мүшесі Дәулет Қанашаев Салық және Кәсіпкерлік кодекстеріне өзгерістер енгізу кезінде жеңіл өнеркәсіптің ерекшеліктерін ескерудің маңызын атап өтті.
Бизнесті қолдайтын өзгеріс
Шығыс Қазақстан облысында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлермен кездесіп, салық реформасындағы өзгерістерді түсіндірді. Вице-министрдің айтуынша, ҚҚС бойынша есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету, сондай-ақ арнайы салықтық режімдерді реформалау қажет. Ал арнайы салықтық режім мен бөлшек салықты трансформациялау жоспарланып отыр.
Қазір жеңілдетілген декларация жүйесі жылдық кірісі 180 млн теңгеге дейінгі, жұмысшылар саны 30 адамға дейінгі кәсіпкерлер үшін 2% мөлшерлемені қарастырады. Бұған қоса, формальды түрде бөлшек салық жүйесі болған, ол жылдық айналымы 2,4 млрд теңгеге дейінгі бизнесті қамтыған, қызметкерлер санына шектеу қойылмаған және мәслихаттардың шешімімен 4% мөлшерлемесін екі есе төмендету мүмкіндігі болған. Енді осы екі режімді біртұтас жеңілдетілген декларация форматына біріктіру көзделіп отыр, бұл ретте кірістің жоғарғы шегі сақталады – ол шамамен 2,4 млрд теңгені құрайды.
Салықтық түсімдерді арттыру мәселесі алдағы реформаның негізгі тақырыптарының бірі болып отыр. Үкімет бюджетке тұрақты кіріс көзін қамтамасыз етуді, Ұлттық қорға тәуелділікті төмендетуді және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Алайда бұл мақсаттарға жету үшін салық саясатының инвестициялық өзгерістерге, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігіне және экономикалық өсімге ықпалын ескеру қажет. Салық реформасын жетілдіру барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып жүргізіледі. Салық жүйесін жаңғырту – бизнестің дамуына кері әсер етпейтіндей әрі экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай етіп жүргізу маңызды.
Кәсіпорындар мүддесі ескерілуі шарт
Жамбыл облысында болған кездесуде «ӘулиеАтаТрансПасс» ЖШС директоры, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы Рашид Пірманов жолаушылар тасымалы саласына қатысты мәселе көтерді. Ол әлеуметтік маңызы бар жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар үшін ҚҚС мөлшерлемесін 0%-ға дейін төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуына қарағанда, бұл қоғамдық көліктің қолжетімділігін сақтауға, мемлекет пен бизнестің мүдделерін теңестіруге ықпал етеді.
Р.Пірмановтың пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін төмендету, жаңа автобустарды әкелу кезінде делдалдарды жою көлік компанияларының қаржылық жағдайын жақсартады. Бұл шаралар маршруттарды қысқартудың алдын алып, жолақы құнын тұрақты деңгейде ұстап тұруға және автобус паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада бұл өзгерістер жолаушылар ағынының артуына, кәсіпорындар кірісінің 5%-дан 20%-ға дейін өсуіне ықпал етіп, қызмет көрсету сапасын жақсартады және жаңа жұмыс орындарын ашады.
Кездесу аясында қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті. Реформалардың ашықтығы және кәсіпкерлердің пікірлерін есепке алу шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсер етеді.