Медицина • 15 Ақпан, 2025

Сүйек обыры да емделеді

6655 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Республикалық Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы остеосаркома – балалар арасындағы сирек кездесетін сүйектің қатерлі ісігі кезіндегі ірі буындарды ауыстыру операцияларын 2012 жылдан бері жасап келеді.

Сүйек обыры да емделеді

Сирек кездесетін дерт көбі­несе 10 жастан асқан балалардан табылып жатады. Осы 13 жылдың аясында ғылыми орталықтың алтын қолды онко­хирург­тері 100-ден астам балаға аса күрделі мега-эндопротездеу операцияларын жасау барысында кішкентай пациенттердің аяқ-қолдарын сақтап қалды. Жыл сайын елімізде остеосаркома дертіне шамамен 20-25 бала шалдығатын болса, бұл кеселдің 50%-дан астамы тізе буынында, 30%-ы иық-буынына жақын орналасады екен.

Кейінгі жылдары сүйек ісіктерін емдеу барысында жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізудің арқасында қатерлі жасушаның басқа ағзаларға шабуы төмендеп, балалар өмірі ұзара түскен. Бұл шара зақымданған аяқтарды 90%-дан астам жағдайда сақтап қалуға мүмкіндік тудырған. Бір сөзбен айтқанда, сүйектің сирек қатерлі ісігіне душар болған балалардың, аса бір асқынған жағдайда болмаса, аяқ-қолдары кесілмейді. Қазірде остеосаркоманы емдеудің жаңа әдістерін енгізу ем-дом тиімділігін әлемдік нәтижелерге жақындатуға мүмкіндік бере бастады.

Осындай ауыр, ерекше күрделі операцияларды атқа­ратын №2 хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты онкохирург, онкоортопед Бахрам Жұмадұллаев: «Орта­лық заманауи модульдік эндопротездерді сатып алуға қол жеткізіп, жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың арқасында ағзаны сақтап қала­тын операциялардың саны артты. Балалардағы остеосаркоманы біріктіріп емдеу нәти­же­лері де жақсарды. Атап өтер­лік жайт, онкологиялық эндопротездер ортопедиялық протездерге ұқсамайды, ерекше мегапротездерге жатады. Қазірде хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шал­дыққан балалардың 90%-дан астамына жасалады, ол өз кезегінде баланың әлеуметтік бейім­делуіне, жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді», дейді.

Елімізде аяқ-қолды аман алып қала отырып, емдеу аяқ­талғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайлары – 71%. Бұл остео­саркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесімен сәйкеседі.

Кейінгі кезде бойы жасы­нан қысқа балаларға жеке дайындалған аз инвазивті ұзарт­қыш протездерді қол­дану арқылы дене мүше­лерін сақтау операциялары енгізілді. Онкология саласын­дағы ең күрделі операция тегін медициналық көмектің кепіл­­ден­дірілген көлемі негізінде тегін жасалады. Орталықта аяққа ғана емес, тізе, иық, жамбастың қатерлі ісіктеріне де орган сақтау операциялары жасалып жатыр. Бірегей операциялардың нәти­жесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, өмір сүру сапасы да жақсарды. Бүгінде олар өз құрбы-құрдас­тарымен бірге мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметтер атқарып жүр. Спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып, белсенді өмір салтын ұстанады. Тұрмыс құрып, 2–3 баланың ата-анасы атанып жатқан балалар да бар.

 

АЛМАТЫ