Қоғам • 17 Ақпан, 2025

Мектептерге бөлінген 62,4 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жоғары аудиторлық палата орта білім беру саласын дамытуға және оның сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді. Оның нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мектептерге бөлінген 62,4 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Талқылауға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрліктердің жауапты лауазымды тұлғалары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.

«2019 жылдан бергі кезеңді қамтыған аудиторлық іс-шараның қорытындысына сәйкес, Қазақстанда мектептер саны тұрақты өсіп келеді. 2023-2024 оқу жылында олардың саны 7,8 мыңнан асқан. Оқушылар мен оқытушылар саны да артып келеді. Бұл елдегі білім берудің қолжетімділігін көрсетеді. Орта білім беру жүйесін қаржыландыру да тұрақты өсіп отыр. Бұл салаға жұмсалған шығыстар 2019 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2024 жылы 4,8 трлн теңгеге дейін, яғни 3 есе артқан. Бұл мемлекет үшін осы саланың басымдығын растайды», делінген хабарламада.

Алайда жүргізілген мемлекеттік аудит орта білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін төмендететін бірқатар проблемалық мәселелер мен жүйелі кемшіліктерді анықтаған.

«Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте қабылданатын құжаттар реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етуге тиіс екенін қадағалауы керек. Соңғы жылдары орта білім беруді қаржыландыру 3 еседен астам өскен. Мұндай жағдайда мемлекет қабылданып жатқан шаралардан үлкен нәтиже күтетіні анық», деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес, педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде Еңбек министрлігінің болжамдары мен білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктері арасында айтарлықтай сәйкессіздіктер анықталған.

«Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан. Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі. Лицензиялау – сапалы білім алудағы мемлекеттік кепілдігінің бірі. Алайда елде мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істейді. Аттестаттаудан сәтті өту пайызы төмен, бұл білім беру мекемелерінде таралған жүйелі проблемаларды дәлелдейді. Мектептердің тек 18,2%-ы аттестаттаудан бір дегеннен өте алады», делінген хабарламада.

Жалпы мемлекеттік аудит барысында 1,1 млрд теңге сома көлемінде қаржылай заң бұзу, 62,4 млрд теңгеге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау және 3,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланғанын анықталған.