Аймақтар • 17 Ақпан, 2025

Премьер-министр ШҚО-ның жаңа әкімі атқаруы тиіс жұмыстарды атады

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Президент Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысына Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов әкім болып тағайындалды, деп жазады Egemen.kz.

Премьер-министр ШҚО-ның жаңа әкімі атқаруы тиіс жұмыстарды атады

Фото: primeminister.kz

Жаңа әкімді облыс активіне Үкімет басшысы Олжас Бектенов таныстырды. 

Олжас Бектенов бұған дейін аймақ басшысы лауазымын атқарған Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Премьер-министр Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы басшылығының алдына қойған міндеттеріне тоқталды. Жиында халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін перспективалы бағыттар да айқындалды. Басым жобалар қатарында шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу жоспарлары бар. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы да атап өтілді.

«Табиғи демалыс аймақтары мен тарихи-мәдени орындарды дамыту арқылы туристік әлеуетті ашуға ерекше назар аударылуы тиіс. Бұқтырма су қоймасы арқылы еліміздегі ең ірі көпірдің ашылуы, Қатонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында әуежайлардың салынуы сала мен жалпы экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Басым міндеттер қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпте заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер қолдану және басқа да мәселелер белгіленген», деді Олжас Бектенов.