
Фотолар: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Еске салайық, көпір – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтеді, оның жалпы ұзындығы – 1316 метрді, ал ені –12,2 метрді құрайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа көпірде 102 бейнебақылау камерасы орнатылған. Күршімдегі көпір аталған облыстың Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан аудандарын Өскемен қаласымен байланыстырады.
Бұған дейін аймақ тұрғындары 500 шақырымға дейін айналма жол жүруге мәжбүр болғанын айта кеткен жөн. Бұл жанармайды ғана емес, уақытты да үнемдеуге зор мүмкіндік. Бұрын тауарлар, жазда – паром, қыста – мұз үстімен әкелінген, ал маусымнан тыс уақытта ештеңе әкелінбесе, енді тауарлар үзіліссіз жеткізіліп, дүкендерде бағалар тұрақталған. Түйіндей айтқанда, көпір – адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Күршімдегі көпір – Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, тұтастай алғанда елдің көлік-логистикалық саласының дамуына оң әсерін тигізіп, логистикалық бағыттарды жақсартып, шекара маңындағы елдермен үздіксіз байланыстарды қамтамасыз етті. Сондай-ақ көпір аймақтың туристік әлеуетін де арттырады.