Білім • 04 Ақпан, 2025

Тәшенев жастарының озық идеясы

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шымкент қаласына іссапармен келді. Жұмыс сапары аясында министр шаһардағы іргелі оқу орындарының бірі Жұмабек Тәшенев атындағы университетінде болып, студенттердің идеясымен құрылған  «EDU AI» жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысты. Роботтехника зертханасында жасалып, қолданысқа енгізілген құрылғыларды көрді. Сондай-ақ сала басшысы жасанды интеллект пен роботтехника саласы бойынша білікті маман даярлау ісіне мән берген университет басшылығына алғысын білдірді.

Тәшенев жастарының озық идеясы

Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсын  ведомство басшысының аталған оқу ордасына ат басын бұрып, болашақ мамандармен тілдесіп, жақынырақ танысуы студенттерге жылы әсер қалдырғанын айтты.

«Әсіресе студенттер министрге жасанды интеллект орталығы мен зертханаларда өз білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетіп, идеяларын ағылшын тілінде түсіндіріп, келген қонақпен еркін  пікір алмасты. Бұл роботтехника зертханасы студенттердің жұмыс істеуіне қолайлы етіп жабдықталған. Зертхана 3D-принтер, 3D-көзілдірік, лазерлік станокт, робот, жарыс алаңдарымен толық қамтылған. Сонымен бірге зертхананың бір ерекшелігі – мұнда студенттерге өз жобаларын әзірлеп, тәжірибеде сынап көруге бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл  болашақ мамандардың ертеңгі күні нақты өнеркәсіптік жобаларға қатысуына тікелей жол ашады. Заманауи идея алмасу алаңында  студенттермен кездескен сала министрі жасалып жатқан  құрылғыларды қолданысқа кеңінен енгізілу керектігін айтты. Сондай-ақ озық идеяларды жоғары оқу орындары қауымдастығы мен белсенді жастар өзара үнемі бөлісіп отыру қажеттігін еске салды. Осы орайда біздің оқу орны әрдайым мемлекет белгілеген басты мақсат – сапалы да білікті мамандар даярлау ісін жалғастыра береді», деді Ғ. Битұрсын.

Сонымен қатар министр С.Нұрбек университеттің  тәулік бойы жұмыс істейтін коворкинг орталығында болып, заманауи білім беру мен сандық  жүйеге бейімделген кітапхананы аралады. Мұнда да сабаққа дайындалып жатқан жастармен әңгімелесті. Кездесу барысында ведомство басшысы озық технологиялармен жабдықталған кітапханалар елімізге қажет екенін, білім алушыларға игіліктердің бәрі барынша қолжетімді болу керектігін, ал оның жарқын бір үлгісін алып тұлға есімін иеленген университеттен байқағанын жеткізді.   

Одан кейін Ғылым және жоғары білім министрі университет базасындағы заманауи стандарттарға толық сәйкес келетін,  200 орынға есептеліп жабдықталған Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізуге арналған республикалық тестілеу орталығына ат басын бұрды.  С. Нұрбек өз сөзінде биылғы 13 қаңтар мен 10 ақпаны аралығында күніне 180-200 талапкер екі лек бойынша сынақ тапсырушыларды қабылдап жатқан тестілеу орталығының қызметіне оң бағасын берді.

Ж. Тәшенев университетінің проректоры Ғ.Битұрсынның айтуынша,  заманауи барлық игіліктер білім алушылардың ыңғайына қарай бағытталып жасалған.  Осы орайда, былтыр қолданысқа берілген көрнекті жазушы Мархабат Байғұт атындағы студенттер орталығын айтуға болады. Бұл орталықта университеттің белсенді  жастары  жиі бас қосып, озық идеяларын ортаға салып, түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құрады. Қысқасы,  қазаққа танымал қаламгер Мархабат Байғұт есімін иеленген бұл орталық жастардың пікір алмасып, идеялары тоғысатын алаңға айналып отыр.