Үкімет • 17 Ақпан, 2025

Үкіметте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Үкіметте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды

Фото: primeminister.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар айында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық өсімі 8,4%-ға, ал қызмет көрсету бағасы 13,8%-ға көтерілген.

Сондай-ақ сиыр еті (1,2%) мен күнбағыс майының (1,1%) бағасы өскен. Ең жоғары өсімі Ұлытау (4,8%), Ақтөбе (3,8%) және Шығыс Қазақстан (2,7%) облыстарында тіркелген.

Бағаны реттеу мақсатында аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдерді саудаға шығару жалғастып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, 156,9 мың тонна қордан тек 45,4 мың тонна көкөніс сатылған. Кейбір облыстарда көкөністі сату қарқыны белгіленген көлемнен төмен, бұл бағаның өсуіне себеп болып отыр. Мәселен, Абай облысында 2,8 мың тонна картоптың тек 486 тоннасы ғана сатылып, нәтижесінде баға 24,2%-ға қымбаттаған. Кейбір өңірлерде сәбіз, қырыққабат және пияз бағасына қатысты осындай жағдай байқалады. 

Сондай-ақ ол әкімдіктердің мәліметінше, қаңтардың соңында қосалқы шаруашылықтардағы қорды есепке алмағанда, картоп қоры 327 мың тоннаны құрағанын айтты. Ал, 23 қаңтар мен 14 ақпан аралығында халықтың тұтыну көрсеткіші 73,5 мың тонна көлемінде болды. 

«Жеке қосалқы шаруашылықты есептемегенде, 253,5 мың тонна картоп қоры 2025 жылдың ерте пісетін өнімін алғанға дейін халықтың ішкі қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік береді»,  деді Ербол Тасжүреков.

Серік Жұманғарин кеңеске қатысушылардың назарын азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шараларды жеделдету қажеттігіне аударды. Негізгі мақсат тұрақтандыру қорларынан өнімдерді жедел шығару және өңірлер мен мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелерді өткізу.

«Бағаның ауытқуы мен сатудағы қандай болмасын шектеулерді болдырмау үшін тұрақтандыру пункттеріндегі өнім бағасындағы айырмашылықты жою қажет. Сондай-ақ коммуналдық базарлар мен сауда желілерімен тығыз жұмыс істеу керек. Ақпан-наурыз айларында тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді сату және сәуір айында жаңа көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Бұл ауыл шаруашылығы министрлігі мен сауда және интеграция министрлігінің маусымаралық кезеңде әлеуметтік азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау үшін өңірлермен бірлесіп шешетін басты міндеттері», деді Серік Жұманғарин. 

Соңғы жаңалықтар

Тазылар тартысқа түсті

Аймақтар • Кеше