07 Ақпан, 2015

Меморандумға қол қойылды

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Соңғы бес жылда Атырауда ин­дус­­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы аясындағы ин­дустрия­ландыру картасымен 35 инвес­ти­ция­лық жоба іске асырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, бұл жо­баларға салынған инвестиция көлемі 76 миллиард теңгені құрап, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы кезеңде индустрияландыру картасы шеңберінде кәсіпорындар 33 миллиард теңгенің отандық өнімін өндіріп, қызметін көрсетіпті. Алайда, іске қо­сыл­ған кәсіпорындардың арасынан екеуі ғана жобалық қуатына жете қойма­ған. Әрине, мұның себептері алға тарты­лады. Ал биыл 14 кәсіпорынның жо­балық қуатына жетуіне байланыс­ты индустрияландыру картасынан шы­ғарылатындығы күтіліп отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жы­лы 11 инвестициялық жобаны іске қосу жобаланыпты. Бұларға салын­ған инвестициялық қаржы – 226 мил­лиард теңге. Осы жобалар іске қосыл­ғанда жаңадан 1300-ден аса жұмыс орнын құрудың мүмкіндігі де қарас­тырылуда. Бұған қоса, 210 гектар­лық индустриялық аймақ құру жос­пары бар. Мұнда экономиканы әр­тараптандыруға байланысты, әсіресе, мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге қолайлы жағдай жасалмақ. Дегенмен, шағын өндіріс орнын ірі кәсіпорынға айналдырған кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына жүгінуден әлі бас тартпайды. Мемлекет оларға қандай қолдау көрсете алады? Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Энергетика министрі Владимир Школьниктің Атырау облысына сапары барысында нақ осы мәселеге екпін түсірілді. Өйткені, Атыраудағы ірі кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, өңірдегі кәсіпорындарда тендер өткізудің ашықтығы әлі көңілге қона қой­майды. Ал «Қолжетімді тұрғын үй» бағ­дар­ламасымен тұрғын үй құрылысын жүргі­зетін кәсіпорындар үшін тұрғын үй шаршы метрінің бағасына өзгеріс енгізілгенін қа­лайды. Өңірдегі отандық кәсіпорындар тынысымен кеңірек танысып, олардың басшыларымен жүздескен министрлер мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. «Жұмыс берушілердің басты мақсаты – жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау», деген ұйғарым жасады министрлер. Осыған өңірдегі 82 жұмыс берушімен арада меморандумға қол қойылды. Дәл қазіргі уақытта бұларда 38 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Мақ­сат – жұмыс орындарын қысқартпау және отан­дық тауар өндірушілерді қолдау. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.