
- Аса жеңіл салмақтағы Әліби Ыдырыс (10-0) 27 мамырда аралас жекпе-жектен ұйымдастырылатын «The Ultimaite Fighter» (TUF) реалити-шоуының 33-маусымына қатысады. Бұл жарыста келешекте UFC-де өнер көрсететін үміткерлер анықталады. Әлемнің ең үздік промоушенінде күш сынасу құрметіне ие болу үшін қазақ файтеріне міндетті түрде жеңіске жету қажет. Әлібиден бөлек бұл салмақта Фуркатбек Йокубов (15-4, Өзбекстан), Аршиян Мемон (7-0, Үндістан), Эдуардо «Чаполин» Энрике (13-2, Бразилия), Иманол Родригес (5-0, Мексика), Джозеф Моралес (12-2, АҚШ), Ройберт Эчеверриа (10-2, Венесуэла), Тумело Маньямала (6-1, ОАР) сынды мықты спортшылар бар.
- Танымал аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов (17-9, 9 КО) «Fight Nights Global» промоушені 27 ақпанда Павлодарда ұйымдастырғалы отырған боксшылардың бәсекесіне қатысады. Ол 32 жастағы АҚШ-тың өкілі Джастин Скоггинспен (15-7, 9 КО) жұдырықтасады. Кезінде бұл спортшылардың екеуі де UFC-де өнер көрсеткен.
- Бұл күндері футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Түркияның Белегінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жуырда ғана тағайындалған бас бапкердің міндетін атқарушы Әли Әлиев жиынға мына ойыншыларды шақыртты: Қақпашылар – Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Дінмұхаммед Жомарт («Жеңіс»), Нұрасыл Тоқтаров («Атырау»); Қорғаушылар – Ұлар Жақсыбаев («Ордабасы»), Әди Адамбаев, Алмас Төлебай ( «Елімай»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Асқар Сатышев («Тұран»), Амандық Нәбіханов («Атырау»); Жартылай қорғаушылар – Абылайхан Назымханов («Елімай»), Серікжан Мұжықов, Ален Айманов («Жетісу»), Жасұлан Жұмашев, Наурызбек Жагоров, Мейрамбек Қалмырза, Данияр Үсенов («Тобыл»), Равиль Атыханов («Атырау»), Давид Есімбеков («Черноморец», Ресей); Шабуылшылар – Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Әлияр Мұхамед («Оқжетпес»), Оралхан Өміртаев, Айбар Абдолла («Ақтөбе»).
- Жеңілістен бір бас көтермей жүрген «Астана» баскетболшылары ВТБ лигасындағы кезекті ойынын сырт алаңда Мәскеудің ЦСКА-сына қарсы өткізді. Матч 118:77 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Біздің команда сапында Даниель Утоми 13 ұпай жиды. Сөйтіп, биылғы маусымда 32 кездесу өткізген «Астана» соның біреуінде ғана жеңіске жетіп, қалған 31 бәсекеде жеңіліс тапты.
- ҚХЛ-дағы «Барыстың» жағдайы да мәз емес. Тұрақты біріншілікте олар әлі 14 кездесу өткізуге тиіс. Күні кеше Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері Санкт-Петербургтің СКА-сынан 2:5 есебімен ұтылды. Осы сәтсіздіктен кейін жерлестеріміздің плей-оффқа шығып, Гагарин кубогі үшін таласа алмайтыны белгілі болды.
- Юлия Путинцева Дубайда шымылдығы түрілген WTA 100 турнирінің тұсаукесер кездесуінде чехиялық Линда Носковадан 2:6, 6:7 есебімен ұтылды. Осыдан бірер күн бұрын ол Дохадағы додада дәл осы теннисшіге есе жіберген еді. Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Еліміздің бірінші ракеткасы жапониялық Моюка Учижима мен латвиялық Елена Остапенко арасындағы кездесудің жеңімпазымен шеберлік байқасады.
- УЕФА Еуропаның ең үздік клубтарының рейтингін жариялады. Алдыңғы лекте – «Реал Мадрид» (Испания), «Манчестер Сити» (Ұлыбритания), «Бавария» (Германия), «Ливерпуль» (Ұлыбритания), ПСЖ (Франция), «Интер» (Италия), «Рома» (Италия), «Челси» (Ұлыбритания), «Байер» (Германия) секілді футбол грандтары. Еліміздің командалары арасынан ең тәуір нәтиже «Астана» мен «Тобылға» тиесілі. Елордалықтар 131, қостанайлықтар 183-сатыға табан тіреді. Өзге отандық клубтар мынадай сатыларға жайғасты: «Қайрат» – 264, «Ордабасы» – 298, «Ақтөбе» – 352, «Шахтёр» – 374, «Қызылжар» – 387, «Қайсар» – 388.
- 2024 жылы ең көп табыс тапқан спортшылардың тізімі жарияланды. Бай-қуаттылардың көшін Криштиану Роналду бастап тұр. Сауд Арабиясы чемпионатында «Әл-Насрдың» намысын қорғап жүрген протугалиялық жұлдыз былтыр 260 миллион АҚШ долларын иеленді. ТОП-10-дыққа Стефен Карри (АҚШ, баскетбол, 153,8 млн), Тайсон Фьюри (Ұлыбритания, кәсіпқой бокс, 147 млн), Лионель Месси (Аргентина, футбол, 135 млн), Леброн Джеймс (АҚШ, баскетбол, 133,2 млн), Неймар (Бразилия, футбол, 133 млн), Александр Усик (Украина, бокс, 122 млн), Карим Бензема (Франция, футбол, 116 млн), Килиан Мбаппе (Франция, футбол, 110 млн), Джон Рам (Испания, гольф, 105,8 млн) сынды саңлақтар енді.