
Бұл туралы облыстық полиция департаменті ресми мәлімдеме таратты.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды», делінген хабарламада.
Оқиға орнында департаменттің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, дүйсенбі күні «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау жынысы опырылған. Оқиға салдарынан 7 шахта жұмысшысы үйінді астында қалып қойған.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасымен шахтаның опырылуының себептерін анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұған дейін төтенше жағдайлар қызметі алты жұмысшының мәйітін тапқанын, жетінші жұмысшыға іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған. Кейінірек агенттік құтқарушылар соңғы құрбанның мәйітін тапқанын хабарлады. Барлық жеті жұмысшының мәйіті шығарылып, сот-медициналық сараптамаға полицияға тапсырылғаны хабарланды.
«Қазақмыстың» баспасөз қызметі түсіндіргендей, «Жомарт» кенішінде төтенше жағдайға алдын ала мәліметтер бойынша табиғи газдың жарылуы себеп болды.
Корпорация Жомарт кенішінде қаза тапқандардың туыстарына ұжымдық шартта көзделген қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету, оның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін отбасыларға жұмысшының орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде, сондай-ақ жерлеуді ұйымдастыруға 2 миллион теңгеден астам қаражат төленеді. Сонымен қатар, отбасы мүшелерінің өтініші бойынша асыраушысынан айырылуына, балаларының оқуына, қайтыс болған қызметкерлердің несиелерін өтеуге, сондай-ақ басқа да көмек түрлеріне ай сайынғы төлемдер қарастырылған.
Ұлытау облысының әкімдігі де қаза болған жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына барлық қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететінін хабарлады.