
Фото:depositphotos.com
ТЖМ кеше 21:49-да оқиға орнына Ұлытау және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) қызметкерлері, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілгенін хабарлаған.
Авариялық-құтқару нәтижесінде 18 ақпан сағат 3:27-де алдымен алты кеншінің денесі табылды. Олардың жеке басын анықтау шарасы дереу қолға алынған. ТЖМ жетінші кеншінің денесінің табылғанын 7:27 -де мәлімдеді.
Шахтаның опырылуы себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде Үкіметтік арнайы комиссия құрылды.
Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қ.Бозымбаев басқарады.
Вице-премьерге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіру үшін ТЖ орнына шұғыл бару тапсырылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы қаза болғандардың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдап, тиісті материалдық қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.
Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
Ұлытау облыстық полиция басқармасы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазақмыстың» баспасөз қызметі «Жомарт» кенішінде төтенше жағдайға алдын ала мәліметтер бойынша табиғи газдың жарылуы себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.