07 Ақпан, 2015

Әділ сот инвестиция тартады

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің төраға­лығымен «Әділ сот жүйесі және тұрақты заңнамажағымды инвестициялық ахуалдың негізі» тақырыбында атты дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараны еліміздің Жоғарғы Соты мұнай-газ саласының қазақстандық заңгерлер қауымдастығымен және KAZBAR коммерциялық заңгерлер алқасымен бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға Президент жа­нын­дағы шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына кіретін ком­паниялардың өкілдері қатыс­ты. Дөңгелек үстелдің ашылу рәсімінде  сөз алған Жоғар­ғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми аталған басқосудың бағыт­тарын атап өтті. Сондай-ақ, ол: «Халықаралық сауда-эко­но­ми­калық байланыстардың дамуы, әлемдік экономикадағы интеграциялық үдерістер жаңа көз­қарастар мен жаңа тәсілдерді талап етеді. Сот төрелігін тиімді жүргізу мәселелеріне қатысты да жаңа тәсілдер жетілдірілуде», дей келе, қазақстандық сот жүйесі осы жалпы әлемдік үдерістен тыс қала алмайтындығын баса жеткізді. Жоғарғы Сот Төрағасының айтуынша, аталған дөңгелек үстелді өткізу идеясы – инвес­тицияларды қорғау тұрғысында заңнаманы және сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне  байланыс­ты туын­даған. Келесі кезекте сөз алған Пре­мьер-Министрдің  орынбасары Бердібек Сапарбаев жинал­ғандарға алғыс айта келе, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде: «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті, ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтар әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», деген болатын. Осыған орай әділ де тәуелсіз сот инвестициялауға қолайлы орта жасауда негіз бола алады. Бүгінгі таңда мемлекетте сот жүйесін қалыптастыру ба­ры­сында көптеген оң істер атқа­рылуда», деген сөздерін жеткізді. Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар инвесторлардың құқықтарын қорғау, ин­вес­ти­циялық дауларды шешу, инвесторларға арналған салық артықшылықтары, инвестициялар және төрелік туралы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелерін талқыға салды. Сол сияқты еліміздің Азаматтық процестік кодексінің жаңа редакциясындағы инвесторлардың қатысуымен дау­ларды қарастыру және шешу бөлігіндегі новеллалары бойынша сындарлы пікір алмасулар болды. Осылайша, дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».