07 Ақпан, 2015

Мәскеудегі Үкіметаралық кеңестің мәжілісі

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Мәскеуде  Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің мәжілісі өтіп, оған Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Мәсімов, Ресей Үкіметінің төрағасы Д.Медведев, Беларусь Премьер-министрі А.Кобяков, Армения Үкіметінің басшысы О.Абраамян және Қырғызстан Премьер-министрі Д.Оторбаев қатысты, деп хабарлады Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі. Еуразиялық экономикалық одақ органдарының бірі болып табылатын Еуразиялық Үкіметаралық кеңес алғаш рет өткізілді. 2014 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей Президенті В.Пу­тин және Беларусь Пре­зиденті А.Лукашенко Астанада ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойған еді. Осылайша 1994 жыл­дың наурызында ММУ-де оқыған лекциясы кезінде біртұтас еуразиялық кеңістік туралы айт­қан Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы практикалық тұрғыдан жүзеге асты. 2015 жылдың 1 қаңтарынан Шарт күшіне еніп, қазіргі кезде ЕАЭО-ға Қазақстан, Ресей, Белаурсь, Армения мүше болып табылады және мамыр айында Одаққа Қырғызстан қосылады деп күтілуде. Бүгінде Еуразиялық Үкімет­ара­лық кеңес мәжілісі шең­берін­де, Қырғызстанның ЕАЭО-ға енуі аспектілерін қоса алғанда, Одақ елдерінің интеграциялық өзара іс-қимылын одан әрі кеңейту бойынша мә­се­лелердің кең ауқы­мы қаралды. Үкімет басшы­лары ЕАЭО-дағы негізгі әріп­тес­терімен, сол қатарда Қытай Халық Республикасымен сау­да-эко­номикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын қарастырды. Еуразиялық Үкіметаралық кеңес мәжілісінің қоры­тын­ды­лары бойынша бірқатар құ­жат­тарға қол қойылды. Олар Ке­ден одағы мен Біртұтас эконо­ми­калық кеңістік елдері аумақ­тарында маркировкалар енгізу бой­ынша қанатқақты жобаны қар­жыландыруға, сондай-ақ, Станок жасау жөніндегі Еуразиялық ин­жинирингтік орталық құру бойынша тұжырымдама жасауға қатысты мәселелерді қамтиды. Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті мәжілісі үсті­міз­дегі жылдың мамырында Қазақ­станның Бурабай кентінде өтеді.