Аймақтар • 19 Ақпан, 2025

Жетісуда «Мизам» әдебиет мектебі құрылды

92 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл сайын мектептерде түрлі респуб­ликалық шығармашылық байқаулар ұйымдас­тырылады. Өлең не эссе жаза алатын оқушыны дайындауды мұға­лімге жүк­тейді. Ал педагог қайт­сін, өзі ақын не жазушы бол­маса да балаға хәл-қадірінше бағыт-бағдар береді. Амал жоқ, жоғарыдан түс­кен тапсырма солай. Осы олқылықты түзету мақсатында һәм жастарды әдебиетке бау­лу үшін Жетісуда «Мизам» әдебиет мектебі құрылды.

Жетісуда «Мизам» әдебиет мектебі құрылды

Әдебиет мектебі – елі­міздегі тұң­ғыш­ автор­лық жо­ба. Мәсе­лен­, Оқу-ағарту министр­лігі­нің­ тапсырмасы аясында оқу­шы­­лар арасында ұлттың иму­ни­тетін көтеру мақсатында қазақ әдебиетінің алыптарына арналған республикалық түрлі жарыс өтеді. Бұл қатарда «Абай», «Махамбет», «Мағжан», «Ілияс» оқулары бар. Осындай байқауларға еліміздегі әр мектеп қатысуға міндетті. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары жанұшыра шәкірт іздейді. Былайша айтқанда, жоқтан бар жасайды. Тіпті кей­бірі өлең мен эссесін өзі жазып беріп, болмаса біреуге ақы төлеп жаздырып алып, оқушыны қатыстырады. Мұндайда қазақ­тың «жетелеп қосқан тазы түл­кі алмайды» деген мәтелі еске түсе­ді. Оның үстіне ұстаздың өзі өлең-жырдың құрылымын білмегендіктен, оны біреуге үйретемін деуі де бос әуреші­лік. Сондықтан Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен елімізде тұңғыш рет ашылған «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің маңызы зор. Аталған жоба аясында білікті қаламгерлер ауыл-ауылдарды аралап, шығармашылыққа құштар жастарға сабақ береді.

«Әдебиет мектебі шығар­ма­шы­лықтың жеті бағыты бо­йынша жұмыс істейді. Әуелі жас қаламгерлерді өлең, шағын әңгіме, мақала, эссе, шығарма жазуға машықтандырады. Поэ­зия, проза жанрында қалам тербеген жетісулық ақын-жазушылардың еңбегін насихаттай отырып, жеке жазу стилін қалыптастырады. Жас қаламгерлерді мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде бірлесе жұмыс істеуге тарта отырып, олардың бойындағы отан­сүйгіштік қасиеттерін оятуға күш салады», дейді жоба лекторы, ақын Жұматай Әміреев.

Әдебиет мектебіне облыс­тағы шығармашылыққа қызы­ғу­шылығы бар 6–10 сынып ара­лы­ғындағы оқушылар қатыса алады. Көшпелі мектеп облыс қала­ларын қоса есептегенде әр аудан орталығында бір апта сабақ өткізеді. Оқу курсында оқушылар жазу мәнері мен оқу әдебі бағытында екіге бөлініп, тәлімгерлермен бірлесе жұмыс істейді. Сабақ барысында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ақтық сынға арналған шығармашылық байқауға жолдама алады.

«Мұнда ауылдағы әдебиетке әуес оқушылар ақын-жазу­шыларды Талды­қор­ғанға іздеп келмейді, керісінше, өңірдегі танымал қаламгерлер ауылда жүрген таланттарды өздері іздеп барады. Әдебиет мектебіне әр ауданнан 20 оқушы қабылданады. Оларға курсты толық аяқтаға­ны туралы сертификат табысталады. Жалпы, облыста 8 аудан, 2 қаланы қосқанда 200 баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Сабақ барысында үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға облыс әкімдігінің арнайы сыйлығы бар», дейді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Әдебиет әлеміне қадам басқан жастардың жолын туралап, қала­мын ұштап, бағытын белгілеп беру көп жылдан бері ескерілмей келе жатқан дүние. Мектеп жасында жазушы, немесе ақын болуды армандаған талай бала жөн сілтер ұстаз болмаған соң өмірдегі жолын басқа жақтан тауып кетті. Енді осы олқылықтың орнын толтыруда «Мизам» әдеби мектебі іске кіріспек.

«Жылда облыстық «Дарын» орта­лығы қазақ әдебиетінің талантты өкіл­деріне арнап байқаулар ұйым­дастырады. Ауданға арнайы хат жолдап, ауыл-ауылдар­дан іріктеп әр аталым бойынша бір-бір оқушыдан әкелуді тап­сырады. Облыстан берілген тап­сырма болғандықтан әрі жас да­рындарды анықтауға жол аша­­тындықтан аудандық білім бөлімі оқушы дайындауды мектеп әкім­шілігіне жүктейді. Әрине, шығар­ма­шы­лыққа бейім оқушы­лар жоқ дей алмаймыз, бірақ олар­ға бағыт-бағдар беретін сол сала­ның же­текші маманы жетіс­пейді», дей­ді қазақ тілі мен әде­бие­ті пәні­нің мұғалімі Рауан Мыр­за­хмет.

Айта кетейік, одан бөлек үздік оқушылар арасында бай­қау алдын­да негізгі тәлімгерлер­ден бө­лек, елге танымал, белсенді ақын-жазу­шылар қонақ дәріскер ре­тін­де шеберлік сағатын өткізетін бо­лады.

 

Жетісу облысы