Талбесік • 19 Ақпан, 2025

Тағы бір жыл құсы қосылды

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) жыл сайын Құстарды қорғау одағымен бірлесіп, жыл құстарының тізімін белгілейді. Биыл жыл құстарының қатарына жұртшы құсы (Neophron perchopterus) қосылды.

Тағы бір жыл құсы қосылды

Жұртшы – өлексе жейтін құс­тардың ең кішкентай түрі. Бұл құстың экожүйедегі орны ерекше. Өйткені олардың қор­шаған ортаны органикалық қал­дықтан тазалаудағы рөлі зор. Сон­дай-ақ кей құстардың, сүтқо­ректіліердің, басқа да түрлердің популяциясының шектен тыс артып кетпеуіне септігін тигізеді. Еліміздің оңтүстігіндегі тауларды мекендейтін құс 500-ден астам жұбы балапан ұшырады.

«Тізім елімізде биыл жиырмасыншы рет түзіліп отыр. Еске салсақ, былтыр бұл қатарға маубас жапалақ жыл құсы қосылған. Тізім неге жаңарады деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның себебі жаңадан ауып келетін құстардың қосылуымен байланысты», деді АСБК мамандары.

Жұртшы құсы – сұңқартәріз­ділер отрядының қаршыға тұқым­дасына жататын жалғыз түр, жырт­қыш құс. Оның саны сиреп бара жатқандықтан, еліміздің Қызыл кітабына енген (III санат, сирек түр). Ересек түрін қауырсынының ағына, сап-сары маскасы мен сына тәрізді құйрығына қарап тез тануға болады. Бұл құс Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізімінде де бар (EN (endangered) – қауіп төніп тұрған түр). Қазір әлемде жұртшының саны – 12 400-36 000, елімізде мекендейтін жұп саны – 348-639 аралығында. Әлемдегі ареалы – Батыс және Шығыс Еуропа, Африка, Оңтүстік және Орталық Азия. Еліміздегі таралу аумағы – батыс өлкенің шөлді үстірт шыңдары, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы шөлейтті аласа таулар мен тау етегі.

Орнитологтердің зерттеуінше, жұртшы құсының ұзындығы 60-75 см, қанат құлашы – 155-180 см, салмағы – 1,8-2,5 кг. Қорегі – өлексе, ұсақ құстар мен бауырымен жорғалаушылар, жұмыртқа. Бұл құстың басқа құстардан ерек­ше белгілері – ересектерінің қауыр­сыны ақ, қанатының ұшындағы қауырсыны қара келеді. Сары түсті бетінің терісі жалаң, қауырсын өспейді. Ал жас құстардың қауыр­сыны – керісінше, қоңыр түсті. Уақыт өте ашық түске өзгеріп, төр­тінші жылға қарай ғана толығы­мен ағарады.

Жалпы, жыл құстары деген мә­селеге аз-кем тоқтала кетейік. «BirdLife International» Халық­аралық құстарды қорғау қауым­дас­тығының негізгі талаптарына сәйкес, жыл құсы көрген адам анықтап, бақылап, суретке түсіре алатындай болуға тиіс. Жыл құста­ры­ның санатын анықтау әлемнің біраз елінде жүргізіледі, елімізде 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Бұл үрдіс табиғатты қорғау, жануарлар дүниесін жүйелі зерттеуге қажет. Тізімге 2006 жылы – тарғақ (Chettusia gregaria), 2007 жылы – қыстау қарлығашы (Hirundo rustica), 2008 жылы – тырналар (Grus), 2009 жылы – бозторғай (Melanocorypha yeltoniensis), 2010 жылы – қараторғай (Sturnus vulgaris), 2011 жылы – үлкен шымшық (Parus major) 2012 – дала қыраны (Aquila nipalensis), 2013 жылы – шиқылдақ қаз (Anser erythropus), 2014 жылы – ақбас үйрек (Oxyura leucocephala), 2015 жылы – орақтұмсық (Ibidorhyncha struthersii), 2016 – үй торғайы (Passer domesticus), 2017 жылы – үкі (Bubo bubo), 2018 жылы – үлкен тоқылдақ (Dendrocopos major), 2019 жылы – дуадақ (Otis tarda), 2020 жылы – ителгі (Falco cherrug), 2021 жылы – бірқазандар (Pelecanus), 2022 жылы – бұлбұл (Luscinia Luscinia), 2023 жылы – көкқұс (Myophonus coeruleus), 2024 жылы – маубас жапалақ (Otus scops), биыл жұртшы қосылды.

Көктемде қуана қарсы алып, күзде қимай-қимай қоштасатын жыл құстары әлемнің 63 еліне ортақ табиғи ресурс болып саналады. Алайда қазіргі ғаламшар эволюциясындағы антропогендік фактордың үлесі шарықтау ше­гіне жетіп, құс жолының бойында гибридті соғыс нүктелерінің кө­бейіп кетуі жыл құстарының да ұшып-қонуын қиындатып отыр. Аспан тыныштығы – экожүйеге үлкен рөл ойнайтыны анық. Қазір әлемде болып жатқан соғыс жолау­шылар қатынайтын әуе рейсте­ріне кедергісін келтіріп отырғаны белгілі. Ұшақтың үйреншікті жолы жабылса аэронавигация бар. Тех­нологияның арқасында апатқа ұрындырмай діттеген жеріне аман қондыра алады. Ғасырлар бойы бір ғана жолмен ұшып үйренген құстарға бұл қиындық тудыратынын айтады мамандар. Сондықтан жыл құстарының мәселесі күрделі болып қала береді.