Қоғам • 19 Ақпан, 2025

Идеология құндылықтармен қуатты

800 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарих тұрғысынан Тәуелсіздіктің отыз жылдан астам уақыты қас-қағым сәт болса, халық үшін бұл – дағдарыс пен өзгерістің тұтастай бір дәуірі, ұлттық құн­дылық­тарымыз – тіліміз бен діліміз, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту жо­л­ын­дағы тар жол, тай­ғақ кешулер. Мұны бүгінгі ұрпақ білуге тиіс, санасына сіңіріп, зерделеуі қажет. Бұл үшін не істемек керек? Болашаққа бағыт берер темір­қа­зығымыз қайсы?

Идеология құндылықтармен қуатты

Сурет: aqmeshit-zhastary.kz

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек» деген анық әрі нақты тұжырымына жүгіну маңызды. Бүгінде «идеология» деген сөзге үрке қарап, жатырқап қалған жайымыз бар. Оны үстемдіктің құралы деп қабылдайтындар кездеседі. Бұл сөзден ат-тонымызды ала қашудың қажеті жоқ. Президенттің 2023 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасында «идеология» сөзі «құндылық» деп қабылданды. Идеология әртүрлі болуы мүмкін, ал ұлттық құндылық – біреу ғана. Сондықтан ақпараттық идеологияның ұстыны ұлттық құндылық болуға тиіс.

Ұлттың тамыры – тарих. Біздің қыран құс ұшса, қанаты талатын, құлан жортса, тұяғы тозатын Ұла даламызда мыңжылдықтардың  шежіресін айқындаған байтақ тарихымыз бар. Соның тұңғиығынан қайнап шыққан құндылықтар қисапсыз. Біздің мемлекеттік идеологиямыздың қайнар бастауы да сол құндылықтар болуға тиіс. Тамыры тереңде жатқан ұлттық идеология қандай да аласа­пыран­­дарға төтеп бере алады. Тарихта ұлттық идеологиясы бекем халықтың рухы да күшті болады. Ұлттық идеологиясы мықты, рухы асқақ халықты ешқандай сұрапыл жеңе алмайды. Өршіл рух халықты барлық уақытта биіктерге сүйрейді.

Ұлттық идеология дегеніміз – тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеу, бүгіннің талабын тарихта кеткен қателерден арылта отырып қанағаттандыру, келешекке ұлт­тық құндылықтар философиясы арқылы пайым жасау. Осы мақсаттарды орындауға қызмет ететін бүкіл идеялар ұлттық идео­логиямызды құрайды. Президент атап көрсеткендей, біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса, мемлекет­тік идеологияның басты мақсаты – жаңа дәуір­дің оқыған, білімдар, білікті, озық техноло­гияларды, ілім-білімді терең меңгерген, дені сау, ізденімпаз, ерік-жігері мықты, ақыл-парасаты мен ар-ожданы биік, отаншыл ұлтты тәрбиелеу.

Бүгінгі заман – мәдениеттердің жаһандану кезеңі. Жаңа сапаға көшер алдындағы, яғни өз дамуының ең биік сатысы біртұтас адамзаттық өрке­ниетке құйылар алдындағы қарбалас шағы. Жаһандану – өркениеттің кезекті даму сатысы. Ендігі айтпағым, осы ойларымызды Пре­зи­денттік орталықта қандай іс-шаралар арқылы көпшіліктің санасына сіңіре алатынымыз жайында.

Президенттік орталық Мемлекет бас­шысының стратегиялық бастамаларын қолдау мен ілгерілету бойынша ауқымды идео­логиялық және қоғамдық іс-шараларды іске асыруға үлесін қосып келеді. Орталықтың мәдени маңызына келетін болсақ, мұнда өткізілетін іс-шаралардың дені қазақ мәдениеті мен тарихын танытуға, ұлтты ұйыстыруға, қо­ғамды біріктіруге, азаматтарымыздың патриот­тық рухын оятуға бағытталған. Бұл әсі­ресе ұлттық бірегейлігімізді нығайтуды аса қажет ететін қазіргі жаһандану жағдайында өте маңызды. Мұндай іс-шаралар еліміздің халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптас­тыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ орталық мемлекет дамуының өзекті мәселе­лерін талқылайтын маңызды платформа ретінде білім функцияларын да атқарады. Бұл азаматтарды елімізде болып жатқан үдерістер туралы құлағдар болып, осы істерге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Біз жастарды қолдауға әрі азаматтық қоғам­ды дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларға айрықша көңіл бөлуге тырысамыз. Бұл мемлекеттің тұрақтылығын, азамат­тардың билікке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі таңда қызметіміздің негіз­гі бағыты – «Әділетті қоғам – Адал азамат» тұжы­рым­дамасы аясында мәдени әрі білім жобаларын іске асыру, қоғамдық жұмыстарды түзу желісін қалыптастыру. Сондықтан жаһандық үдерістерді ой елегінен өткізу, әлемдік саясат пен экономикадағы сындарлы өзгерістерді Қазақстанның ұзақ мерзімдік мүдделері тұрғысынан сараптай білу, елдігімізді, қастер тұтар киеміз тәуелсіздігімізді нығайту үшін идеологиялық шебімізді бекемдеуге, еліміздің дамуын нысаналы түрде зерттеп, зерделеу бас­ты назарда болуы керек.

 

Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ,

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры