
Фото: ашық дереккөз
Ресми статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың 1 желтоқсанында ел көлемінде электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер саны 1,6 есеге артып, 7,3 мыңнан 12 мыңға жеткен. Көлікті елге әкелу кезінде өндірушілер мен импорттаушылар утилизациялық алымдарды төлеуден және бастапқы тіркеу құнынан босатылады, бұл автомобильдің кедендік құнынан 15% үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен депутаттар электромобиль төңірегінде шешілмеген мәселе әлі де көп екендігін айтады.
«Атап айтсақ, көлік қуаттайтын орындар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін жерлерде орналасқан. Бұл өте өзекті мәселе. Сосын, өңірлерде және республикалық маңызы бар жолдардың бойында көлік қуаттау стансалары тапшы. Тіпті жоқ десе де болады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, электромобильдер мен қоғамдық қуаттау стансаларының оңтайлы арақатынасы 10:1 болуы керек. Ал Қазақстанда қазіргі таңда 43 электромобильге 1-ғана қуаттау стансасы ғана тең келеді екен», деді депутат Н. Сайлаубай.
Осыған орай Н. Сайлаубай бастаған бірқатар депутат Көлік министрлігіне, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне және Энергетика министрлігіне төмендегі ұсынысын жеткізді:
«Ең алдымен заңға электр көліктері туралы арнайы тармақ енгізіп, жүйелі түрде реттеу қажет. Осыған орай, электромобильді 18 жастан бастап жүргізуге рұқсат беру мәселесін қайта қарау қажет. Жағдайды ескере отырып, біз Қазақстанда электр көліктерін дамытуға арналған ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз».