
Салтанатты шараға Ауған соғысының ардагерлері мен ардагерлер кеңесінің өкілдері, Ұлттық ұлан мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары мен қала тұрғындары қатысты.
Саябаққа жиналған қауым Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін ауған ардагерлері сөз алып, соғыс ақтаңдақтары туралы естеліктерімен бөлісті.
«Мен Ауғанстанның Баграм елді-мекенінде тоқтаған жеке барлау батальонында дәрігер болып қызмет еттім. «Шепсіз майдан» аталып кеткен ұрыс қимылдарында жарақат алған жауынгерлерге медициналық жәрдем көрсету басты міндет болды. Солармен қоян-қолтық жүріп, ұрыс үстінде қызметімді атқардым. Өзіміз де жарақат алған кездер болды. Бірде, автомобильдер легімен келе жатқанымызда Саланг асуынан өткеннен кейін моджахеттер атқан оқтың астында қалдық. Жүргізушім Александр Паутов көліктен шығып, оларға қарсы оқ жаудырды. Сөйтіп мені ажал оғынан аман алып қалған еді. Барлық қарулас жолдастарыма және олардың жақындарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Бұл өте ауыр міндет болды және біз оны аса құрметпен орындадық», деді Ұлттық ұланның отставкадағы полковнигі Сәбит Аймағанбетов.
Жиын соңында Алматы гарнизонына қарасты әскери бөлімдер мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары салтанатты шерумен жүріп өтіп, жиын концерттік бағдарламаға ұласты.
Алматы