
Президент мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаждығы жоқ әл-ауқаты жоғары отбасылар да мемлекеттен көмек алып отырғанын атап айтты. Халыққа мемлекет тарапынан берілетін қолдауды әлі де жетілдіру қажеттігін, әлеуметтік көмек әділ, ашық әрі тиімді болуы керектігін ескертті.
Биылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» толықтай енгізіледі. Бұл шараны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері барлық өңірдің әкімдіктерімен бірлесе атқарады. Премьер-министр О.Бектенов Үкімет отырысында 1 желтоқсанға дейін жобаға кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімі берілуге тиіс екенін атап өтті.
«Әлеуметтік әмиян» жобасында әр отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай мемлекеттік қолдау түрлері бар. Қанатқақты режімде мемлекеттік қолдаудың екі шарасы іске қосылды. Алдымен оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Баланың тамақтануы туралы ақпарат негізінде азаматтың әлеуметтік әмиянына ваучер түседі. Оқушының мектепте тамақтанғаны жүйеде есепке алынады әрі бұл туралы ата-анасы да «Әлеуметтік әмиян» арқылы хабардар болады. Сондай-ақ ата-ана мемлекеттік қолдау шарасының сапасы туралы кері байланыс орната алады. Осы ақпарат негізінде қызмет көрсету актісі мен төлем шоты жасалады. Мемлекет ваучерді қаржыландыруды тамақтану фактісі бойынша жүзеге асырады. Бұрынғыдай бастауыш сынып оқушыларының санына негізделмейді. Мұны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен ынтымақтаса, «eGov Mobile» мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» аясында енгізіп отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 2000-нан астам мектепте білім алып жатқан 703 мыңнан астам оқушы «Әлеуметтік әмиян» арқылы тегін ыстық тамақпен қамтылған. «Әлеуметтік әмиян» аясын кеңейту мақсатында интеграциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдымен Ақмола, Маңғыстау облыстарының, Астана, Шымкент қалаларының мектептеріне сынақ ретінде енгізілді. Алдағы уақытта өзге өңірлер де қамтылады.
«Әлеуметтік әмиянмен» «eGov Mobile» қосымшасына тіркеліп, «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімі арқылы тапсырыс беруге болады. Сервис қызметінің тілін түсінбейтін қарт кісілер емханаға барып Face-ID мен веб-камералар арқылы сәйкестендіруден өту арқылы қажетті дәрісін алады. Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді беру қанатқақты жобасы 700-ден астам медициналық ұйымда жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін 93 мың рецептпен дәрілер берілген. Енді науқас өзіне қажет дәріні іздегенде бұрынғыдай рецепт алу үшін алдын ала дәрігердің қабылдауына жазылып, кезекке тұрып, уақытын шығындамайды. Мұнда төленетін қаражат дәрі-дәрмектерді нақты бергеннен кейін өтеледі. Мемлекеттік органдар «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы өздерінің қолдау шараларын кезең-кезеңімен дәл осылай жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың игілігін ел көруге тиіс. Қолдау шараларынан хабарсыз азаматтар да жоқ емес. Мұның барлығы да дұрыс құлақтандырмаудың салдары. «Әлеуметтік әмиян» – мемлекеттік қолдау шараларының барлық түрлерін хабарлаудың, ұсынудың, есепке алудың бірыңғай платформасы. Жобаға кезең-кезеңімен мемлекеттік қолдау шаралары көшіріледі. Әр азамат өзіне тиесілі мемлекеттік қолдау түрлері туралы хабарламаны платформадан таба алады.
Жоба цифрлық технологияларды енгізу есебінен әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалануды барынша азайтуға бағытталған. Осылайша, азамат мемлекеттік қолдаудың барлық түрлерін ғана емес, сонымен бірге Мемлекет шығындарының мөлшерін де көреді. Мемлекетке де тиімді: қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тізімдеп қана қоймай, тікелей бақылау жүргізіп, саралап отырады. «Әлеуметтік әмиян» «eGov mobile» қосымшасының ішінде жеке қызмет ретінде іске қосылды.
Көпшіліктің көкейінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы әлеуметтік төлемдер жасауға бола ма, бұған түскен ақшаны қолма қол шешіп алуға немесе банк шотына аудару мүмкін бе деген сауалдардың туындайтыны анық. Бастапқы кезеңде жоба арқылы ақшалай емес, нақты мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, цифрлық теңге платформасын жүзеге асыруды қолға алды. Мұның тиімділігі – «Әлеуметтік әмиян» жобасы шеңберінде цифрлық ваучерлермен есеп айырысу мүмкіндігі пайда болады. Бұл бастама әлеуметтік төлемдерді автоматтандырып, есепке алу үдерістерін жеделдетеді, әлеуметтік көмектің айқындылығын арттырады. Сонымен қатар үшінші тұлғалар тарапынан өндіріп алу мен тыйым салудың сақталуына кепілдік береді.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы «eGov Мobile» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Азаматтардың жеке деректері қаншалықты қорғалады деген сауалды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолдаған едік. «Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» «Электрондық үкіметтің» «eGov mobile» мобильді қосымшасы аясында жеке қызмет ретінде іске қосылды. Осылайша, азаматтардан «Әлеуметтік әмиян» жобасына жеке авторизация талап етілмейді. Дербес деректерді қорғау, сақтау һәм өңдеу қамтамасыз етіледі», деп мәлімдеді министрліктен.
Азаматтар «Әлеуметтік әмиянды» банк карталарымен қатар қолдана, пайдалана алады. Егер банк алдында борышы болса, коллекторлар, салық органдары әмияндағы қаражатты бұғаттап, өндіре алмайды. Өйткені бұған есептеліп аударылған қаражат «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға сәйкес қорғалады.