
Фото: smolensk-i.ru
Депутаттың айтуынша, мемлекетіміз балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балаларды отбасылық ортаға орналастыру үшін түрлі шаралар қабылдады. Алайда, статистикалық деректерге қарағанда бала асырап алу үрдісі баяу жүріп жатыр.
Бүгінде 5 мыңнан астам азамат бала асырап алу кезегінде тұрғанымен, 2023 жылы – 194, 2024 жылы – 153 бала ғана жаңа отбасын тапқан. Бұл көрсеткіштер бала асырап алу жүйесіндегі әкімшілік кедергілердің бар екенін және процестің ұзаққа созылатынын аңғартады.
«Жетім балалар – мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж ең әлсіз топ. Олардың әрқайсысы толыққанды отбасында тәрбиеленуге лайықты. Сондықтан, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен заңнамалық шаралар олардың шынайы қажеттіліктеріне сай болуы керек. Өкінішке қарай, көптеген жетімдеріміз балалар үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын сезінбей өседі. Бұл олардың болашақта қоғамға бейімделуін қиындатады», деді Геннадий Шиповских.
Геннадий Шиповских бала асырап алу рәсімін жеңілдету және оны цифрландыру, құжаттарды рәсімдеу мен қажетті тексерістерді онлайн форматта өткізу арқылы үміткерлер үшін процесті оңайлату қажет екенін атап өтті.
«Жетім балаларды отбасылық ортада тәрбиелеу саясатын күшейту, қамқоршылық пен патронаттық тәрбие жүйесін жетілдіру, патронаттық тәрбиешілерге төленетін қаржылық қолдауды арттыру маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейту және асырап алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерін тарту керек. Бала асырап алу саласындағы заңсыздықтармен күресті күшейту қажет, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қатаң бақылау шараларын енгізу керек», деді депутат.