Қоғам • 20 Ақпан, 2025

Каспий құбыр консорциумындағы жағдайды СІМ бақылауына алуға тиіс - депутат

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17 ақпан күні Каспий құбыр консорциумына украиндық  дрондар шабуыл жасаған еді. Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза өзінің Facebook парақшасында оқиғаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Каспий құбыр консорциумындағы жағдайды СІМ бақылауына алуға тиіс - депутат
Депутаттың жазуынша, Каспий құбыр консорциумына украиндық  дрондар ашық шабуылдады. Бұл бомбалауды Украинаның қарулы күштері растады. Дегенмен, атқылаудың себебі бойынша олардың позициясы анық емес.
«Не үшін, неге?» деген сұрақтарға нақты саяси жауап алуымыз керек. Өйткені, бұл стратегиялық құбыр арқылы қазақстандық мұнай тасымалданатыны барлығына мәлім. Яғни, бұл қарулы шабуылды ірі халықаралық жобаға жасалған қиянат деп бағалауға болады. Одан қалса, біздің еліміздегі өндірілетін мұнайда АҚШ, Еуропа мемлекеттерімен ортақтасқан ірі Трансұлттық компаниялардың үлесі бар екені анық. Ең бастысы АҚШ, Еуропа мен Қазақстан әрдайым осы соғыстың бейбіт аяқталуы үшін өзінің тікелей саяси көзқарасын білдіріп жүр. Нақтыласақ, Қазақстан бұл арнайы әскери операцияны басынан бастап қолдамаған және позициясын ашық жариялады. Ресейді соғысты тоқтатуға да шақырды. Барлық тараптарға арнайы алаң беруге дайын екенін ашық жариялап, шиеленістің бейбіт түрде шешілуін және оған БҰҰ-ның араласуын да ұсынды. Сондықтан, тез арада аталған шабуылға Украина барлық халықаралық шарттарға сәйкес саяси жауап беруі тиіс деп ойлаймын. Бұл мәселені Сыртқы істер министрлігі өз бақылауына алғаны жөн», деп жазды ол. 

Айта кетейік, бұған дейін 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған еді.

Компания бұл әрекетті «террористік шабуыл» деп атады.