Аймақтар • 20 Ақпан, 2025

Атырау облысында 54 ауыл ішімдіктен бас тартты

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғындары ішімдік ішпейтін ауылдар 7 ауданда орналасқан, деп жазады Egemen.kz.

Атырау облысында 54 ауыл  ішімдіктен бас тартты

Фото: kzvesti.kz

«Индер ауданындағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын алкогольдік ішімдіктен бас тартқан еді. Тұрғындардың осындай игі қадамының нәтижесінде соңғы 1 жылда бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Бұл өзге аудандардағы ауылдардың тұрғындарына оң ықпал етті. Атырау облысында биылғы 20 ақпанға дейін тұрғындары ішімдік ішпейтін ауылдардың саны 54-ке жетті», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қызылқоға ауданының 17 ауылы ішімдік ішпеуден алдыңғы лекте тұр. Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Құрманғазы ауданында осындай 16 ауыл бар.

Сондай-ақ Махамбет ауданында 7, Исатайда – 6, Индерде – 4, Жылыойда – 3, Мақат ауданында 1 ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартқан.

Индер ауданы, Құрылыс ауылындағы азық-түлік дүкенінің сатушысы Әсел Иманғалиеваның айтуынша, ауылдағы екі сауда нүктесінде тек күнделікті тұтынатын тағамдар ғана сатылады.  

«Арақ пен темекінің кесірінен денсаулығынан айырылып, тағдыры тәлкекке түскен адам көп. Алкоголь өнімдері адамды жаман әрекетке әуес етеді. Сол себептен, ауыл тұрғындарының бастамасын қолдап, дүкенде тек азық-түлікті ғана сатуға шешім қабылдадық», дейді сатушы.