Өшпес даңқ • 21 Ақпан, 2025

189 ұшақтың шабуылын тоқтатқан

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста есімі мен ерлігі қатар ұмытылған батырлар аз емес. Солардың бірі – зеңбірекші Бектібай Жылқыбаев. Алқара көкте ойнақ салған жау ұшақтарын атып түсірудің шебері саналған кейіпкеріміз туралы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеті 1943 жылдың 20 тамызы күнгі №171 санында «Зенетчик Бектібай Жылқыбаев» деген мақала жариялаған.

189 ұшақтың шабуылын тоқтатқан

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бектібай Жылқыбаев 1941 жылы 16 маусымда Ресейдің Чкалов облысының Домбаровск ауданынан майданға аттанған. Ресейде дүниеге келіп, сол жақтан әскерге алынғандықтан да болар, бірнеше мемлекеттік марапат алған оғлан туралы қазақ баспасөзі көп жазбапты.

Біз сөз етіп отырған мақалада Бектібай Жылқыбаев майданға алғаш келгенде көпке дейін көңілі көншімей жүргені, мұның себе­бін сұрағандарға: «Әлі күнге дейін жаудың бір самолетін атып түсіре алғаным жоқ. Жұртқа не айт­пақпын?», деген екен.

«Бір күні жаудың төрт самолеті біздің әскерлердің төбесіне шүйілді. Бектібай зеңбірегінің аузын төбеден төнген самолеттерге бұрып:

– Атыңдар! – деп команда берді. Зеңбірек күнше күркірей қалды. Жаудың алда келе жатқан самолеті кенет өртеніп, жанған бойы төмен құлдилады. Жылқыбаев оқтың бетін жаудың басқа самолетіне аударды. Совет зенитчигінің сыңайын таныған неміс самолеттері шұғыл бұрылып кері қайтты.

Жау самолеттері кеткен соң, Бектібай атып түсірілген «Мес­сершмидтің» Нева жағасында жанып жатқанын көрді. Көптен бері көңілінде түйткіл болып жүрген арманы орындалғандай болды», дейді автор.

Ұшақты жойған батырдың көңі­ліндегі түйткіл тарап, сенімі кү­шейіп, ширыға түскенге ұқсайды. Бірте-бірте Бектібай ұшақ атып түсірудің шеберіне айналған.

«Жаудың барлаушы самолет­тері өткел үстінен ерсілі-қарсылы ұшып, айналсоқтап шықпай қой­ды. Немістердің таяу уақытта өт­келді бомбалайтыны мәлім болды.­ Совет зенитчиктері көздерін көк­­ке­ тігіп, мұқият бақылай бас­та­ды.­ Ертемен бір топ «Юнкерс» біз­дің­ бөлімшелердің үстіне түйілді. Жау самолетіне бірінші болып Жыл­қыбаев оқ атты. Оның атқан снарядтары жау самолетінің біріне тиді. Өртенген «Юнкерс» шыр көбелек айналып, төмен ақты. Міне, тағы да бір топ «Юнкерс» ұшып келеді. Олар ұшқан беттерімен батареяға шүйілді. Бірақ совет ерлерінің жау­дырған оғына төтеп бере алмай, бытырай бастады. Шүйіліп бомба тастамақ болған бір «Юнкерсті» Жылқыбаев тағы да атып түсірді».

М.Козлов пен М.Осмоловский атты аға лейтенанттар жазған мақа­­ланың соңында Бектібай жанып жатқан снарядтар жәшігін өші­ріп, батырлығының арқасында бір зеңбіректі өрттен аман алып қал­ғанын, кейіннен сол зеңбірекпен тағы да фашистердің 8 ұшағын атып түсіргенін баяндаған.

Майдандағы ақтаңдақтардың жоқ­­­шысы болып жүрген «Атамның аманаты» қорының қызметкерлері арқылы аты-сойы қазаққа беймәлім болып келген Бектібай Жылқыбаев туралы мәліметтерді таптық.

Бектібай Жылқыбаев 1942 жылдың 1 қазанында жау әскерінің 5 ұшағын жойып, нәтижесінде, 189 ұшақ­тың шабуылын тоқтатып, «Қызыл жұл­дыз» орденіне ұсынылыпты. Ке­йіп­керіміз ол марапатты алды ма, ал­мады ма, ол жағы белгісіз. Бел­гі­­лісі, соғыс кезінде бас басылым ма­қала жариялаған батыр ел сені­мін ақтап, арада бір жыл өткеннен кейін де әуе шайқастарын тойтарып, шеберлігі мен батырлығының арқасында немістердің бірнеше ұшағын атып түсіріпті. Демек қазақ Бектібай Жылқыбаев сынды батыры бар екенін ешқашан да ұмытпауға тиіс.