
Жарыстың басты бәсекесінде еркін күрес шеберлері – америкалық Кайл Снайдер мен қазақ Ризабек Айтмұхан айқасады. Ризабектің есімі еліміздің еркін күрес шеберлері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Бұл атаққа 2023 жылы Белградта қол жеткізді. Әкесі Қанат Жолдасбаевтың қол астында жаттығатын 20 жастағы аса дарынды спортшының басқа да атақтары бар. Ризабек айналдырған бір жыл аралығында жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде (U-20, U-23) екі мәрте топ жарды. 2023 жылы Астанада, 2024 жылы Бішкекте ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміспен күптелді.
Ризабектің қарсыласы, 97 кг салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген 29 жастағы АҚШ-тың Мэрилинд штатының тумасы әуелі жастар буыны арасындағы жарыстарда өзін түбегейлі мойындатты. Ересектер дуына қосылғаннан кейін Кайл Снайдер Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанып, әлем чемпионаттарында жеті мәрте (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Әлем кубогін 2, Панамерика ойындарын 3, Панамерика чемпионатын 7 реттен ұтты.
Еркін күрестен өтетін жарыста Азамат Дәулетбеков те (86 кг) өнер көрсетеді. Семей өңірінің тумасы Магомедхабиб Кадимагомедовпен күш сынасады. Азамат – әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы. Дағыстанда дүниеге келгенімен Беларусьтің атынан сынға түсіп жүрген қарсыласы 2020 жылы Токио Олимпиадасында күміс, Әлем кубогінде қола, Еуропа чемпионатында алтын алды. Сондай-ақ ресейлік Заур Угуев (Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Әлем кубогінің иегері), Әлихан Жабраилов (әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, Әлем кубогінің екі дүркін иегері), Ахмед Усманов (әлем мен Еуропа чемпионы, Әлем кубогінің иегері), грузиялық Автандил Кенчадзенің де (әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінің төрт дүркін қола жүлдегері) өнері жанкүйерлерді бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.
Грек-рим күресінен қырғыз Ақжол Махмұдов пен француз Ибрагим Ганем сайысқа түседі. «Акула» деген бүркеншік есіммен танылған айыр қалпақты ағайынымыз Токио Олимпиадасында күміс, Париж Олимпиадасында қола медальді мойнында жарқыратты. Екі дүркін әлем, үш дүркін құрлық чемпионы атанды. Азия ойындарында күміске қол созды. Ақжолмен айқасатын тегі мысырлық марқасқа соңғы екі дүниежүзілік додада бір алтын мен бір күмісті қоржынға салды. Алатау баурайында белдесуге бел буғандар қатарында кубалық Габриэль Росильо мен Луис Орта Санчез, армениялық Славик Галстян мен Айк Хлоян, беларусь Кирилл Маскевич, ресейлік Артур Саргсян сынды саңлақтар бар.
Әйелдер күресі де көпшілік назарына ұсынылады. Бұл орайда жанкүйер қауым Жәмила Бақбергенова мен Айпері Медетқызының тартысын тағатсыздана күтеді. Қазақ қызы әлемнің төрт (3 күміс, 1 қола), Азияның бес (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) чемпионатында олжа салды. Азия ойындарында күміс медальді мойнында жарқыратты. Қырғыз қызы да мықты балуандар санатында. Ол әлем чемпионаты (1 күміс, 1 қола) мен Азия ойындарында (1 алтын, 1 қола), құрлық біріншілігінде (2 алтын, 3 күміс) бес рет атой салды. Қос ару өзара бірнеше мәрте айқасты, бір-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Осы жайттың өзі алдағы белдесудің аса тартысты болатынын аңғартады.
Алматыдағы жарыста есімдері жоғарыда аталғандардан бөлек, басқа да бір шоғыр атақты балуандар өнер көрсетеді.