Туризм • 21 Ақпан, 2025

Ақсораң етегіндегі ерекше ауыл

341 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алаш арыстарының алтын бесігіне айналған Ақтоғай ауда­нының Шабанбай би ауылы «Үздік туристік ауыл» атан­­ғанын естіп, Арқа жұрты бөркін аспанға атты. Ақжол­тай жаңалықты «Kazakh Tourism» ұлттық компания­сы сүйіншіледі.

Ақсораң етегіндегі ерекше ауыл

Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Ертеден солай. Жыл өткен сайын Беғазы-Дәндібайдың мәдени ескерткіштеріне қызығу­шылық танытатын туристер тіп­ті көбейіп отыр. Онымен қоса Алаш көсемі Әлихан Бөкей­хан­ның туған топырағына тәу ететіндер де көп. Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңның биігін бағын­дырғысы келетіндердің де қатары артқан көрінеді.

Туризм сарапшысы Жазира Жанкина «шетелдік туристер қа­зір тамылжыған табиғат іздеп, тау мен тас аралағаннан гөрі елдің көне тарихын көп білгісі келеді», дейді.

– Бізге шетелдерден турист көп келеді. Әсіресе елші­ліктермен тығыз жұмыс істей­міз. Еуропалықтарды этноту­ризм, экотуризм қатты қызық­тырады. Қарағанды облысында алыс­тан келген меймандарды апаруға болатын жер көп. Әсіресе Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібайды іздеп келетін мейман саны жыл сайын өсуде. Саяхатшылар бұл жердің тарихын интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше бізге жүгінеді. Өзім жол бастап талай мейманды Ақтоғай елінің ғажап жерлері, тарихи мекендерімен таныстырып, алғысын арқалап қайтқанмын. Бұрын Ақтоғайдың өз басына жету мұң болатын. Жолы ойдым-ойдым. Қазір жол тақтайдай. Туризм дамуы үшін ең алдымен сапалы жол керек. Жақсы жол шаршатпайды. Енді Ақтоғайдан Қараталға дейінгі жолға асфальт төселсе, тіпті керемет болар еді, – дейді Жазира Құрмашқызы.

ва

Шабанбай би ауылы халқы­ның сырттан келген мейманына ша­ңы­рағының есігі ашық, дастар­қаны әзір. Бұған бұл елді мекенде экоту­ризмді дамытамыз деп БҰҰ грантын ұтып алған «Авалон» турис­тік агенттігі жол ашып берген. 2007–2008 жылдан бастап Қытай, Франция, Америка, Аустралия секілді алты құрлықтан туристер ағылған.

2013 жылдан бері ауылдағы «Сұлутас» қонақүйі табысты қызмет көрсетіп келеді. Қонақүй иесі Раушан Дүйсенбекова «Ава­лон» туристік агенттігі ұйым­дас­тырған семинарға қаты­сып, қызмет көрсету сапасын жетіл­дірудің алғышартын жан-жақты ұғынып алыпты. Онымен қоса түрлі туризм сарапшыларының ақыл-кеңесін қағазға түртіп алып, іске асырыпты.

«Аулымыздың аты озып, қуа­нып жатырмыз. Енді тіпті турист ағылады деп жер аяғының кеңі­генін асыға күтіп отырмыз. Жы­лына бірнеше мемлекеттен 100-ге тарта турист келеді. Бір кездері ту­ризм ошағына айналатыны тіп­ті түсімізге де кірмеген еді. Сол се­бепті бұл көрсеткішке қуанамыз. Алыстан келген меймандардың көбі біздің қонақүйімізге түседі. Шетелдіктердің талғамы әртүрлі. Көңіл қалауына байланысты тағам­дарын әзірлейміз. Үш мезгіл. Әсі­ресе ұлттық тағамдарымызға тамсанатындар көп. Ақ сүттен әзір­ленетін ас түрлері оларға таң­сық болса да тамсанып жейді», дейді Р.Дүйсенбекова.

Айтпақшы, қонақүйдің жур­на­лы бар екен. Келген турис­тер өзінің пікірін білдіріп, қолтаң­ба­сын қалдырады. Осы уақытқа дейін бірде-бір сыни пікір жазылмапты. Арқа елінің дарқан көңі­ліне, қонақжай құрметіне дән риза бол­ған қонақтар қызмет көрсету сапасын ­бас бармақпен бағалапты.

Иә, мұнда топтасып келетін отан­дық туристер де жетіп артылады. Әсіресе оңтүстік өңір­ден келетін тур Ақсораңға ғана емес, тұтас Арқа жеріне маршрут сызып алыпты. Балқаш көлін жа­ғалай келіп, Бектау ата, одан Әлихан Бөкейханның ата қоны­сына, Талдыбейітке соғып тәу етіп, Беғазы-Дәндібайдың тылсым тарихымен танысады. Содан Ақсораңның етегіндегі Шабан­бай би ауылына келіп тоқтап, Ақсо­раң шыңын бағындырады да, Қар­қаралыны бетке алатын көрінеді.

ыв

Ал жылда жаз бойы Ақтоғай ауданының үздік әрі белсенді оқу­шыларына арналған «Арай» ла­гері жұмыс істейді. Ауыл шетіне киіз үй тігіліп, балалар тау-тасты аралап, қасиетті мекеннің сырына қанығады. Былтыр 350 баланы қабылдапты.

Еліміздің туризм әлеуеті Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым назарында. «Елі­міздегі туризмнің əлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға əлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең ал­дымен, инфрақұрылым мəсе­­лесін кешенді түрде шешіп, қыз­мет сапасын түбегейлі жақсар­ту қажет», деген еді Президент. Соны­мен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.

Міне, Қараталдың (көптің ауы­з­ында осылай аталады) үздік турис­тік ауыл атануы – болашақ инвес­тор әкелер игіліктің алғашқы қада­мындай. Әрі өңіріміз үшін өшпес тарихи сәт.

«Үздік атанғалы бері жастар­дың да талпынысы күшті», дейді ауыл әкімі Асқар Мұратов. «Бұл жаңалыққа ауылдың еңсесі көте­ріліп қалды. Жылда «Авалон» туристік ұйымы туризмге қатысты семинар өткізетін. Соған қатыссақ деген жастардың ниеті тіпті күшейді. Гид болсақ, туған жердің тарихымен келген меймандарды таныстырсақ, турист тартудың түрлі тәсілін меңгерсек деген арман-ойлары бар. Мемлекеттің грант секілді қандай да бір көме­гін тиімді пайдалансақ деген ын­талары қуантып отыр. «Ава­лон» компаниясы осы маусымда ұжымымен келіп, жастарды оқытып, қызмет көрсетуді жақ­сар­тамыз дейді. Бізде әлеует бар. Ауылдың маңайының өзінде бір­неше нүкте бар. Ақсораңның шығыс бетіндегі Мырзақожа са­йын­­дағы сарқыраманың сұлу­лығы, Әулиетаудағы тылсымға то­лы екі бірдей үңгір келушілерді таң­­дандырмай қоймайды. 20 ша­қы­­рым жердегі Қыпшақ ғиба­дат­­ханасында, Желтау тауын­да­ғы таң­балы тастарда, Жекежал қыста­ғы мен Қарашоқы тауын­дағы Бүркіт бейнесінде, Әулиетау үңгі­ріндегі біздің заманымызға дейінгі 3 мың жыл бұрын жосамен салын­ған суреттерде түрлі аңыз-әпсана жатқаны анық. Онымен қоса балбалтастың 38 түрі бар. Осының бәрін білгісі келетін туристер біреуін қалт жібермейді ғой. Ауы­лымыз өркениеттен алыс емес. Ұялы байланыс ұстайды. Beeline, Altel, Activ, Tele2 желілері бар. Интернет тартымдылығы – 4G. Тіпті әр үй Wi-Fi орнатып алған. Аудан орталығына әкелетін Қарағандының да, Балқаштың да жолы тамаша. Енді биыл аулы­мыздан Ақтоғайға дейінгі жол­дың 15 шақырымына асфальт төсемек. Жалпы, арасы 40 шақы­рым ғой. Жартысын асфальт­таса деген үмітіміз бар. Өйткені осы бір қуанышты жаңалықтан соң ­ау­лымызға ат шалдыратын мей­ман кө­бейеді», дейді әкім А.Кәкенұлы.

Гидтерді оқыту бойынша ха­лық­аралық тренер Арина Жаман­қараева да бұл жаңалықты туризм ошағына айналу үшін үлкен мүмкіндік дейді. Әрмен қарай жетілдіріп, нағыз этноауыл жасаса, жарнамасын үдетсе деген пікірін қоса кетті. Алматыдағы туризмнің қара қазанына айналған миллионер ауыл Сатыны мысалға келтірді.

«Ақтоғай ауданына жол түс­кенде көрдік, барлық мүмкіндік барын. Енді тау етегіне киіз үй тігіп, шетелдіктерге ауылдың қоңырқай тіршілігін көрсетсе, керемет болар еді. Қазір ауылды аңсап жүрген қаладағы ел де көп. Ауылы жоқ олар сіздерге ағылады. Instagram желісінен парақша ашып, жарнаманы күшейту қажет. Таргетпен жұмысты ширату керек. Ақтоғайға келген туристердің 70-80 пайызы осы ауылға келеді. Дәп Ақсораң тауының баурайы, тарихи орындардың бәрі осы аймақта. Осы ауылға Сатының мә­дениетін толығымен әкелу керек. Қазір Саты ауылының кішкентай балалары да туризммен айналысады. Баланың өзі айына 1 миллион теңгедей табады. Атын жалға берсе де. Мысалы, Ақсораңға шығу үшін ат жалға берсе болады. Аяғы ауыратын кісілер, үлкендер бұл қызмет түріне жүгінеді. Осылай ат туризмінің өзін қолға алуға болады. Одан бөлек «УАЗик» алып, со­нымен де туристерді тау-тасқа тасу пайдалы. Мұнан ақша таба­сыз, турист тартуға да жол ашасыз. Осындай қарапайым жолы арқылы туризмді түлетуге бола­ды. Мұндағы халық өте қонақ­жай екенін білемін. Еті, қымызы сондай дәмді. Мұның өзі турист тартуға сеп. Тек мәдениетті қалып­тастырған жөн. Сондықтан мен ауылдың келешегіне сенемін», дегені үміт сыйлағандай.

Белгілі туроператордың тағы бір ұсынысы көңілге қонады. Қа­ла­­дағы көлік көп өтеді деген жерге бил­борд іліп, Ақтоғайдың әсем жер­­­лерін, тарихи мекендерін неге жар­қыратып, жарнамалап қоймасқа?

Қорыта айтқанда Шабанбай би ауылының туризммен шекесі шылқып кетуге мүмкіндігі жетіп артылады. Миллионер ауыл ата­ну­ға әлеует бар, әрекетті де бас­тады.

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы,

Шабанбай би ауылы