Пікір • 21 Ақпан, 2025

Піл сөздігі бар, жылқы сөздігі ше?

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым кейде ештеңеге бағын­байтын ережелерден тұратындай елестейді. Біз өмір сүріп жатқан мына ғаламда әр адам өзінше жаңа тыныс ашқысы келеді. Әлденеге жаңа көзқараспен қарауды ұнатады. Сол үшін де ғылымның бір аты – ізденіс дегеніміз дұрыс болар.

АҚШ телеарнасының «60 минут» деген бағдарламасын көруден жалықпаймын. Жақында осы бағдарламадан қызықты бір түсірілімге тап болдым. Андера Токало есім­ді америкалық ғалым ұзақ жылдар бойы піл­дердің мінез-құлқын, болмысын, іс-әреке­тін зерттеп, ақырында әлемдегі ең қиын да күрделі хайуанат тілі саналатын пілдер тілінің сөздігін құрастырыпты. 20 жылға таяу уақы­тын Орталық Африканың Конго аймағында өткізген ол бар зейін-зердесін зерттеуге арнапты. Әрі қараса ит тұмсығы өтпейтін жыныс орманды, бері қараса сирек кездесетін хайуанаттардың сан түрін көретін оның өмірі небір ғажайыптың ішінде өтіпті. Солардың бірі – алып пілдердің алуан түрлі дыбыстары. Ғалым бар уақытын осы өзгеше дыбыстарды зерттеуге арнап, ең соңында нәтиже шығарыпты.

«Ең алғаш осы араға келіп, пілдердің да­уысын естіген сәтіңіз есіңізде ме?» деген тіл­ші сұрағына ол қызықты жауап қайтарады. «Алғаш осында келгенде, орман шетіндегі алаңқайға шатыр тігіп жаттым. Түнімен ұйық­тай алмадым, себебі, айналамда пілдердің симфониясы салтанат құрды. Ертеңіне жұмаққа тап болғанымды сезіндім, әне содан бері осындамын».

Пілдердің өзара диалогі, бір-бірімен ойнауы, тарануы, шомылуы, қышыған жерін ағашқа үйкеп қасуы - бәрі-бәрі Андера Токалоның назарынан тыс қалмапты. Сөз арасында ол неге осы зерттеуге табаны күректей 19 жылын арнағанын да баяндайды. Сөйтсек, пілдердің жан дүниесін, мінез-құлқын түсінуге көп уақыт кетеді екен. Сол үшін де осыған дейін бірде-бір ғалым бұл салаға ат басын бұрып, пілдердің дыбысын тас­паламапты. Ал Токало осы олқылықтың орнын толтырып, ең алғаш пілдер сөздігін жарыққа шығарған ғалым бақытына ие болды. 

АҚШ-тың Корнель университетімен бір­лесіп жасаған зерттеуінде ол айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Оның сөзінше, піл тұқы­мының ұрғашылары үнемі бірге жүреді де, еркектері тобынан тез ажырап, жалғыз өмір сүргенді қалайды екен. Тіпті еркек пілдер өз отбасымен анда-санда ғана қарым-қатынаста болатынын анықтапты. «Бұның себебі, еркек пілдер тәуекелшіл келеді, не істесе де, жалғыз істегенді ұнатады», дейді ғалым.

Піл сөздігін ғалым олардың мінезіне, өзара байланысатын дыбыстық белгілеріне негіздеп, жинақтапты. Өзі үйренген пілдің қарым-қатынас тілін енді өзімен бірге жұмыс істеп жатқан биолог ғалымдарға да үйретуді бастапты. Қазір ғалым Токало – пілдердің ашуланғанда, қуанғанда, қарсылық білдіргенде, амандасқанда қандай дыбыс шығаратынын жақсы түсінетін әлемдегі жалғыз зерттеуші. Ол тіпті жаңа туған піл баласының да қандай дыбыс арқылы анасымен байланыста болатынын аңғара алады.

Енді мына қызықты қараңыз. Ғалым­ның айтуынша, егер бір піл өлсе, жақындары оны әрі-бері аунатып, түрткілеп, оятуға тырысады екен. Әлгі пілдің өлгеніне көзі жеткенде, өзгелері қайғырып, жоқтап, тым өз­геше дыбыс шығарады. Ал осы аза тұту 3-4 күнге жалғасады. Біз ғалымның піл дыбыстарын таспалап, сөздік құрастырудағы мақсатын да білдік. Сөйтсек, қазір әлем бойынша пілдердің саны күрт азайып барады екен. Андера Токала осыны ескеріп, «жеке тұлға ретінде жауапкершілігімді атқардым, бұл жауапкершілік – оларды қорғау» деп ақтарылды. Аталған пілдер аймағында енді 15 жыл тұрып, зерттеуін жалғастырғысы келген ғалым тағы қандай жаңалықтар ашатынын алдағы уақытта ести жатармыз.

Осы хабарды көрген соң, маған мынадай ой келді. Біз ұлт болып қалыптасқалы бері жылқымен бірге өмір сүріп келеміз. Ал неге ғалымдарымыз жоғарыдағы Андера Токало сияқты жүйелі зерттеу жүргізбейді? Жылқыны зерттеу үшін ғалымдарға Африка асып керегі де жоқ қой. Қазақтың қай даласына барсаңыз, жылқы табылады. Жылқының оқыранғаны, кісінегені, үйірін іздегені, аңсағаны, мамаағашта тұрып жер тарпығаны – бәрінде дыбыс бар, ал сол дыбыста олар бізге не айтпақ, не білдірмек? Мұны саралап, тіпті анау піл дыбысын зерттеген ғалымдар сияқты жылқының дыбысын таспаға түсіріп, сөздік құрастыруға да мүмкіндік қарастыру керек шығар. Қазақ халқы жылқыны жақсы көреді, «жауға шапса – серігім» деп санады. Ал біз адамнан зият жануардың біз туралы не ойлайтынын бір сәт зерттеп көрдік пе? 

Қалай десек те, жылқыға бізден етене халық аз. Ал біз әлі қылқұйрықтардың жандүние­сін, болмысын, мінез-құлқын, тілін түсіне алмай келе жатқандаймыз. Маған Қабанбай батырдың Қубас тұлпары жауға аттанарда иесімен тілдескен сияқты болып елестейді. Ол да мүмкін. Бірақ жылқы сөздігін құрастыру былай тұрсын, біз әлі жоғары оқу орындарын­да оқытылатын дені дұрыс қазақша оқулық­тар құрастыра алмадық емес пе? Бір ойласаң, ­бәрі қиялдай сезіледі.