Еңбек • 21 Ақпан, 2025

Зауыттың жас отауы

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саран индустриалды аймағында орналасқан «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника шығаратын зауытта жас отау иелері нәтижелі жұмыс істеп жүр. Екі жас зауыт ашылмай тұрғаннан бастап жұмысқа орналасқан.

Зауыттың жас отауы

Әуелі зауыттың кадр бөлі­мі­не Диляра Талғатқызы жұмысқа ор­наласыпты. Іс құжатына мығым жұдырықтай қыз өзіне тап­сырылған шаруаны ширатып әкетеді. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне үзбей барып, зауытқа жұмысшы мамандарды жинайды. Сөйтіп жүргенде Мирас Қанатұлы әлі ашыла қоймаған зауытқа құжатын өткізіпті. Содан алғаш­қылардың бірі болып Ташкент­тегі тұрмыстық техника шыға­ратын жеті бірдей зауытта тағы­лым­дамадан өтіп, тәжіри­бе­сін жетілдіреді.

Мирас – Қарағанды зерттеу университеті химия факуль­те­тінің үздік түлегі. Оқуын ойдағыдай бітірген соң отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскери сапта жүріп те өзін жан-жақты көрсете білген сарбаз түрлі оқу-жаттығу жиы­нында озық болды. Содан соң «AlsKazlab» сынақ зертханасына химик болып орналасты. Ондағы міндетін де мінсіз атқарды. Тағы да өзі білім алған университетке заңгер мамандығына қосымша оқуға түседі. Құқық қорғау саласында да еңбек етеді. Сөйтіп жүріп келіншегі Диляра екеуі кеңесіп, жаңа зауыттан жарқын болашақ іздейді. Қазір ол кәсіпорынның білдей бір жауапты маманы.

ап

Мирастың қай істі болсын домалатып әкететін қабілеті бар. Соның арқасында аз уақыт ішінде оған асүй пешін құрас­ты­ратын цехты басқаруды се­ніп тапсырады. Қазір оның цехында 25 жұмыскер бар. Асүй пешінің «Artel», «Shivaki», «Arg», «Apetito» брендімен 62 түрін құрастырады. Күніне 350-400 пеш әзірлейді. Оларды толық құрастырып, техникалық тексерістен жіті өткізіп, еш кедергісіз жұмыс істейтініне көз жеткізіп, қаптап, құжатын сәйкестендіріп, қой­маға жөнелтеді. Өндірістің ең үлкен бөлігіне жауапты маман жұмысшыларының шаруа­сын ұйымдастырып, жаңа­дан келген қызметкерлерді оқы­тып, қауіпсіздік шараларын қадағалайды. «Бастысы, өнімнің сапасы мен күнделікті жоспарды орындау», дейді ол.

Келіншегі Диляра да зауыт­тың отымен кіріп, күлімен шығатын білікті кадрдың бірі. Бүгінде еңбегі еленіп, кәсіпорын әкімшілігінің жауапты маманы болып тағайындалды. Серік­тес­тіктің қоғам және мем­ле­кеттік мекемелермен байланыс басқармасына жетекші болған Диляра Талғатқызының мойнындағы жауапкершілік орасан. Сырттан келген меймандарды қарсы алып, за­уыт тіршілігімен таныстырудан басқа, іскерлік қағаз, құжат­тармен дамыл таппайды.

«Біз осы зауыт ашылмас бұрын отау құрғанбыз. Еңбек етіп жүрген зауытымыздың өндірісі де өркен жайып, қана­ты қатайып келеді. Күйеуім зауыт­тағы озат жұмысшының бірі. Зауытпен қатар қанат жа­йып келеміз. Осы жерде жүріп, жаңа баспанаға қол жеткіздік, жаңа көлік алдық. Басшылық еңбегімізді елеп, қызметімізді де жоғарылатып жатыр. Екі қызымыз бар. Олардың да оқу үлгерімі жақсы. Тәубе дейміз, барлығы еңбектің арқасы. Бастысы, күйеуім екеуміз үйде де, жұмыста да біргеміз», дейді Диляра.

Жұбайлар бос уақыттарын тиімді өткізеді. Үйінің жа­нын­­дағы спорттық кешенде бірге жаттығады. Күнде­лік­ті шахмат ойнап, ойларын шынық­ты­рады. Жас отау жа­қын­да жаңа шаңыраққа қоныс аударды. Отандық өнімді қолдап, пәтерлеріне өздері еңбек етіп жүрген «Silk Road Electronics» кәсіпорнынан электр тауарларын сатып алды. «Artel» брен­ді­мен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаңсорғыш, асүй тоқ­пеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұр­мыстық техника түрлерін қол­данып отыр.

– Зауыт отбасымыз үшін берекелі болды. Кә­сіпорын­ның келешегі зор. Бү­гінде әлемдік нарыққа шықты. Жұ­мыс­шыларға барлық жағ­дай­­ды қарастырған. Жоғары жалақы, үй мен жұмыс арасында автобуспен тасымалдау, тегін түскі ас, толық әлеуметтік пакет ұсынады. Тәжірибе толық­тырып, білім арттырамын деген­дерді арнайы оқытады. Онда да күнбе-күн жалақысы жүріп жатады. Зауытта әлі де бос жұ­мыс орындары бар, – дейді М.Қанатұлы.

 

Қарағанды облысы