АСТАНА. 7 ақпан. Елордалық «Барыс» сырт айдында Нижний Новгородтың «Торпедосына» 2:1 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ойынға «Барыстың» шабуылшысы Николай Антропов қатысқан жоқ. Сондай-ақ, астаналықтардың бас жаттықтырушысы Андрей Назаров қақпашы Ян Лацоны бірінші минуттан бастап айдынға шығарды.
Құрлықтық хоккей лигасы аясында өткен ойын айдын иелерінің басымдығымен басталды. Тіпті, небәрі 2-минутта «Барыс» төрт ойыншымен қалды. Себебі, қолындағы ойын таяғын тым биік көтергені үшін Константин Руденко екі минуттық айып уақытымен жазаланды. Қуанышымызға орай, бұл мүмкіндіктен «Торпедо» хоккейшілері нәтиже шығара алмады. Тартыстың 6-минутында айдын иелерінің кезекті соққысы қақпа маңдайшасынан кейін серпілді. Тек кезеңнің орта тұсына ауған кезде қонақтар өз ойын өрнегін тапты. Үзіліске дейін «Барыс» екі мәрте ойыншы басымдығына ие болғанымен, есеп ашылмады.
Келесі кезең де алғашқысындай тең жағдайда өрбіді. Дегенмен, бұл жолы жанкүйерлер соғылған шайбаның куәсі болды. Ойынның 25-минутында «Барыс» сапындағы Оскарс Бартулис алыстан қақпаға соққы бағыттап көрді. «Торпедо» қақпашысы Иван Касутиннің дәл алдына келе жатырған шайбаның бағытын өзгертіп үлгерген Константин Пушкарев нәтижелі соққының авторы атанды. Екінші үзіліске дейін айдын иелері екі рет ойыншы басымдығын пайдалана алмады. Өз кезегінде «Барыс» ойыншылары бір мәрте сондай басымдыққа ие болғанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Шешуші кезең «Торпедоның» шабуылымен басталды. Матчтың 43-минутында «Барыс» сапынан Кэвин Даллмэн екі минутқа айдыннан қуылды. Десек те, ол бар болғаны 13 секундтан кейін ойынға қайта қосылды. Себебі, Петерис Скудра жаттықтыратын қарсыластарымызға басымдықты жүзеге асыру үшін осынша уақыт жеткілікті болды.
Таразы басы теңескеннен кейін қос команданың қарқыны күшейіп, ойынның жылдамдығы артты. Алайда, бұл тартыста «Торпедоның» бағы басым болып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Жеңіс шайбасын кездесудің 54-минутында Сакари Салминен есімді хоккейші соқты.
«Барыс» жеңілгеніне қарамастан Шығыс конференциясындағы 6-орнын сақтап қалды. Ал «Торпедо» Батыс конференциясында бір саты жоғары өрлеп, 8-орынға жайғасты. Астаналық команда келесі ойынды 11 ақпан күні сырт айдында Новокузнецкінің «Металлургіне» қарсы өткізеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: khl.ru.