
«Адал азамат» жобасы бірліктің, ынтымақтастықтың, әділеттіліктің, заң мен тәртіптің жалпыұлттық құндылықтарына берілген жоғары адамгершілік және жауапты тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталып отыр.
Жеңімпаздарды іріктеу кезінде олардың кәсіби еңбегіне ғана емес, сондай-ақ «Адал азамат» идеалының құндылық бағдарларын бейнелейтін жеке қасиеттерінің болуына басты назар аударылды.
«Адал азамат» жобасының «Ұлағатты ұстаз» номинациясымен Теміртау қаласының №14 мектеп-лицейінің физика және робототехника мұғалімі Варзин Вячеслав марапатталды. «Ерен еңбек иесі» номинациясының үздік өкілі ретінде Т.Күзембаев атындағы шахтаның алдыңғы қатарлы бригадаларының бірінің ұңғымашысы Нұрлан Сатмағамбетов танылды. «Мәдениет майталманы» номинациясын Балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театрының 3-разрядты тігіншісі Татьяна Рубан иемденді.
«Әділдік сақшысы» номинациясы бойынша Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Айдана Шаймерденова жеңімпаз атанды. Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Магарби Бузуркаев «Ержүрек құтқарушы» атанды.
Ал «Абзал жан» номинациясын Қарағанды қаласының №3 емхананың отбасылық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Ғалия Мыңтаева иемденді.
Сонымен қоса «Ізгілік жаршысы» номинациясының үздік өкілі болып ерікті Арина Бекбаева лайық деп танылды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзінде ақсақалдар кеңесінің дәстүрлерді сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті. «Жергілікті халықтың сапалық құрамы салауатты бәсекелестік пен Жауапты азамат – Еңбек адамының оң имиджін қалыптастыру үшін жемісті жағдай жасайды» деді.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін қонақтарға өңірдің этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі әртістерінің қатысуымен салтанатты концерт ұйымдастырылды. Айта кетейік, осымен төртінші рет өтіп жатқан кеңес отырысы бұған дейін Астана, Ақтау, Түркістан қалаларында ұйымдастырылған болатын.