Қоғам • 22 Ақпан, 2025

Хат

103 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1989 жылы белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев ердің жасы – елуін туған жерінде тойлады. Сол жолы қарымды қаламгер кіндік қаны тамған біздің ауыл­ға да ат басын бұрды. Қоғабай аға Алакөлдің іргесіндегі «Қоғада» туған. Кеңшар тарағанға дейін мұнда екі-үш шопанның отбасы қыстап оты­ратын. Табиғаты сондай көркем. Айналасы қалың қопа. Малға ық. Әсіресе бұл қыстақ көктемде ай­рықша құлпырады. Неше түрлі құстар келіп, қопаға ұя салады. Біз солардың жұмыртқасын алып жейміз. Негізі, суреткердің атамекені, өскен ортасы – Көкалат ауылы. Көрші елді мекен. Оның ата-анасы баласы өмірге келетін жылы біздің ауылға көшіп келген екен. Бұл оқиға туралы автор өмірбаяндық естелігінде ашып жазған.

Хат

Ауыл клубында өткен жазу­шының мерейтойына арнал­ған әде­би кешке барлық жұрт жиналды. Бейнелеп айтқанда, ине шаншар орын болмады. Соған мұғаліміміз төртінші сыныпта оқи­тын бізді де алып барды. Мұндай жиын­ды алғаш көргеніміз. Тік тұрып тама­шаладық. Бір кезде шымылдық түрілді. Сахна төріне алыстан ат терлетіп келген сыйлы қонақтар жайғасты. Қоға­бай ағамен бірге Алматыдан кім еріп кел­генін білмеймін. Есімде жоқ. Бірақ Арқа­лықтан қосылған белгілі сати­рик Сейіт Кенжеахметов ағаны таныдым. Оның әзілмен әр­леп, қалжыңмен қағытып сөй­­леген сөзі елді күлкіге қарқ қыл­ды.

Осы кездесу маған кере­мет ұнады. Жерлес жазушыны жақыннан көріп, ерекше әсер алдым. Сөйтіп, менің бала қиялымда Қоғабай аға се­кіл­ді танымал тұлға болсам деген арман бүршік жарды. Әдеби шығармаға құмарлығым артты. Көркемсөз шеберінің «Кілт», «Қараша қаздар» атты кітап­тарын іздеп оқыдым. Әсіресе «Алдан» әңгімесіндегі бас кейіп­керден автордың бала бейнесін таныдым. Сондай-ақ халық батыры Амангелді Имановтың бала­лық шағын «Қызыл жалау» атты ро­ма­нында айшықты кес­­те­леген. Кейін бұл туынды толық­ты­рылып, «Заманақыр» атауымен қайта басылды.

Алтыншы сыныптан бас­тап жасырып өлең жаздым. Алғашқы өлеңім мектептегі қабырға га­зетінде жарияланды. Сол күні қуанышым қойныма сыймады. Одан кейін аудандық басылымда жарық көрді. Мектеп өмірінен жазылған шағын хабарларым шықты.

Жоғары сыныпта Алма­ты­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетіне оқуға түсуді армандадым. Осыны анам мен апаларыма ақырындап айтып едім, олар қарсы болды. Мені алысқа жібергілері келмеді. Бұған ұн­жырғам түсіп, меселім қайтып қалғандай күй кештім. Алайда Алатаудың етегіндегі әсем қалаға барып оқу ойымнан кетпей қойды. Бір күні «Заман­ақыр» кітабынан қаламгердің мекенжайын алып, хат жаздым.

«Қадірлі Қоғабай аға!

Мен сізге туған ауылыңыздан хат жазып отырған балаңызбын. Есімім – Азамат. Сіздің барлық шығармаңызды оқыдым. Ма­ған ерекше ұнады. Менің де сіз секілді журналист-жазушы бол­ғым келеді. Өлеңдерім мен мақа­лаларым мектептегі қа­быр­­ға газеті мен аудандық басылымда жарияланып жүр. Биыл 10-сыныпта оқимын. Келесі жылы 11-сыныпқа көшіп, мектеп бітіремін. Бір арманым бар. Ол – Алматыдағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің журналистика факультетіне оқуға түсу. Соның жолын айтып, көмектесе аласыз ба?» деп конвертке салып, пош­тамен жібердім.

Хат қолына тиді ме, тимеді ме, білмеймін. Бір кездескенде Қоғабай ағаның өзінен сұ­рай­мын деп ойладым. Алай­да жазу­шымен жолыға алмадым. Тағ­дыр жазбады. Бірақ қаламгерге ұқсасам деген арманым мені жур­налистикаға алып келді.