Тұлға • 22 Ақпан, 2025

Қазақ даласын күйімен тербеген

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл – Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанын 100 жыл. Осыған орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қонаев қалалық мәдениет үйінде өнер тарланының ғасыр­тойына арналған салтанатты іс-шара бастау алды.

Қазақ даласын күйімен тербеген

Қазақтың кең даласын күмбірлеген күймен тербеген дәулескер күй­ші, біртуар сазгердің шығарма­шы­лығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс-шараға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тіленді қатысты. Сон­дай-ақ зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткер­лері мен өнер жана­шырлары болды. Өнер­сү­йер қауымның назарына Нұрғиса Тілен­диев мемориалды музейінің жылжы­малы көр­месі ұсынылды. Онда кеш қонақ­тары ұлы композитордың 70-тен астам жеке ­затын тамашалады.

Тәңір тілеуін беріп, өн бойына өнер­дің жарық сәулесі құйылған Нұрғиса Атабайұлы халқына қалтқысыз қызмет етіп қана қоймай, қазақ өнерін әлемге әйгіледі. Сәбиі дүниеге келгенде қуанған Атабай әкенің сахнадағы монологі кімді де болсын тебіренткендей еді. Іле өнер қайраткерінің қолтаңбасы қалған «Отырар сазы» оркестрі «Ата толғауын» орындады.

 

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Енді, міне, кең даланы күйімен күмбірлеткен ұлт перзенті Нұрғиса Атабайұлының мерейтойына арналған халық­аралық іс-шаралар тізбегі жоспарланып отыр», деген өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев композитордың өмір дерегін тарқатты.

Күй құдіретін санаға сіңіріп, жүрекке жеткізген әйгілі күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Атабайұлы асқақ Алатаудың саф ауа, мөлдір бұлағынан нәр алған. Ха­лық қаһарманы Іле ауданының Шиліке­мер ­ауылында 1925 жылдың 1 сәуірінде өмірге келген. Қазір бұл ауыл біртуар өнер тарланының, яғни Нұрғиса Тілендиев­тің есімімен аталады. Облыс әкімі ЮНЕСКО көлемінде аталатын тұғырлы тұлғаның 100 жылдығы аясында іргесі жаңадан қалан­ған руханият­ ошақтарына Нұрғиса Тілендиев есімі берілетінін, Іле ауда­нының орталығы Өтеген батыр кентінен мәдениет үйі ашылып, алдынан еңселі ескерткіші бой көтереті­нін айрықша атады. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлескен өнер ұжымдарының қатысуымен халықаралық іс-шаралар өтетінін құлағдар етті.

«Нұрғиса Тілендиев шығар­ма­шы­лығында бір ғана өңірдің өнер мектебін арқалаған жоқ. Оның тұтас шығармашылығын қарап отырсақ, Алтайдың тік күйін, Арқаның қоңыр күйін, Жетісудың жайсаң күйін, Сыр бойының бойлауық күйін, Атыраудың адуын күйлерін шебер орындап, сонау Қорқыттан, Асанқайғыдан, Кетбұғадан, берісі Құрманғазы мен Тәттімбет, Дина сияқты күй саңлақтарынан бастау алатын күй өнерін ХХ ғасырда бүкіл респуб­лика бойынша ұлттық деңгейге көтеріп, өзі де ұлттық тұлға ретінде қалыптасты және де ұлттық өнерімізді бүкіл әлемге паш етті. Қазаққа ғана емес, әлемге ортақ тұлға. ЮНЕСКО 2023 жылы 42-сессиясында, ТҮРКСОЙ 40-сессиясында 2025 жыл­ды «Тілендиев жылы» деп шешім қабыл­дап, жария етті. Бұл – мемлекет­тің беделі, ұлтымыздың абыройы», деді Пре­­зидент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңір жұрт­шылығына Мемлекет басшысының зор ықыласы мен сәлемін жеткізіп.

Мерекелік іс-шараға жылы лебізін біл­дір­­ген Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құт­тықтау хатын Мәдениет ко­ми­теті төрағасының міндетін атқа­рушы Айдын Қапашев оқып берді.

Қазақ өнерінің тұтас дәуі­ріне айналған дәулескер күй­ші-композитордың шығар­машылығы мен әндерінің жазылу тарихы туралы танымал актер Ерлан Біләл тебірене сыр шертті. Сөйтіп, күй кенішіне бойлаған тың­дарман жүрегін мәңгі шырқалатын әсем ән мен күміс күй тербетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әншілер Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мәдина Сәдуақасова, Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді.

Салтанатты кешке «Алтынай» мемле­кеттік халық биі ансамблі, Сүйінбай атын­дағы Ал­ма­ты облыстық филармониясы, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары қатысып, ән мен күйден шашу шашты.

Қазақстанның халық әртісі, күйші

Секен Тұрысбеков болса:

«Отырар сазының» құрылуы – қазақ өне­рінде тыңға түрен салғанмен тең болды. Көне сарынмен көмкерілген халықтық өнерді құлпыртты, ұлттық аспаптарды тірілтті. Сол кездегі Нұр-ағаның ерлігінің теңдесі жоқ еді. Ол кісінің әндері мен күйлерінде, фильмге жазған музыкасында қайта­ланбас қолтаңбасы жатыр», деп түйді.

Ұлттық өнер қорына мол мұра қал­дырған ақиық өнер иесі Нұрғиса Тілен­диевтің шығарма­шылығын тарқатар болсақ, ол «Алтын таулар» операсының (Қ.Қожа­мияровпен бірге), «Достық жолымен» балет­інің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма»,  «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэ­малары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 дере­кті-хроникалық фильмге музыка жазды. Мәсе­лен, Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М.Әуезовтің, Ш.Айтматовтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым – Қожа» фильмдері, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдері қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналды.

 

Алматы облысы,

Қонаев қаласы