Өшпес даңқ • 22 Ақпан, 2025

«Сен құрметте оны!..»

2820 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондарды майдан даласында қалдырды. Мил­лион­дарды мүгедек етті. Миллиондарды әкесі мен ұлынан айырды. Сұрапыл соғыстың зардабы талайдың жүрегіне ешқашан жазылмайтын жара салды.

«Сен құрметте оны!..»

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Халық жазушысы, ақын Әбу Сәрсенбаев та – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. Қан майданнан оралған қаламгердің «Сен құрметте оны» аталатын өлеңі де бар. Құрманғазы ауданының құр­­мет­ті азаматы Таңатар Дәрелұлы айтуын­ша, қаламгердің бұл өлеңі сол соғыс­та екі аяғынан айырылып, мүгедек болып оралған Құсайын Өтешқалиевке арналған.

«Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында өмірге келген ғой. Биыл – қаламгердің туғанына 120 жыл. Ол 1942 жылы соғысқа аттанып, 1947 жылы елге оралған. Кіндік қаны тамған жерге келген сайын майданнан аман оралған ардагерлермен жүздесуге асығатын еді. Ақынның майдангерлермен кездескеніне бірнеше рет куә болдым. Қаламгер соғысқа қатысқандар туралы бірнеше шығарма жазды. Соның бірі – «Жауынгер монологі» атты очерктер жинағы. Бұл жинақтағы «Жұлдызсыз батыр» аталатын очеркінде Құсайын Өтешқалиевтің майдандағы ерлігі суреттелген. Кейін оған «Сен құрметте оны» өлеңін арнады», дейді Т.Дәрелұлы.

Ресейдегі Астрахан облысының қазіргі Володар ауданында Сахма деген ауыл бар. Бұрын бұл ауылда күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы да тұрған. Сол ауылда майдангер ақынның шығармасына арқау болған Құсайын Өтешқалиев 1915 жылы өмірге келіпті. Әкесі ағаш шебері, балташы ретінде сол өңірге танылмал адам екен. Құсайынның өзі 1941 жылы соғысқа аттанған. Соғыста 1147-мотоатқыштар полкінде барлаушы болған. Кіші сержант ретінде топ басқарып, «тіл» әкелуге бірнеше қатысқан. Жау шебінен 20-ға жуық «тіл» әкелген. Алайда екі-үш рет жараланып, госпитальде емделген соң майданға қайта оралып отырған.

Ал 1943 жылы 13 ақпанда «Мелитополь операциясы» кезінде ауыр жарақат алған. Госпитальде ұзақ емделіп, екі аяғынан айырылған. Елге 1945 жылы келген соң қоларбаға таңылды. Бұл – жас жігітке үлкен соққы. Екі аяқтан айырылу жүрекке түскен, ешқашан жазылмайтын үлкен қасірет ғой. Мұндай қасіретті ердің ері ғана көтере алады.

«Оның әкесі Өтешқали мен шешесі Нәсіптен 13 ұрпақ тараған. Алайда Құсайыннан басқасы шетіней берген. Ал Құсайын соғыстан мүгедек болып оралды. Осындай себептер әсер еткен болуы керек, 1947 жылы әкесі отбасын Қазақстанға, Құрманғазы ауданындағы Зормата деген ауылға көшіріп әкелді», дейді Т.Дәрелұлы.

Қазақтың қайсар азаматы Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын, 1940 жылы замандасы Нағима Меңдешқызымен отау құрыпты. Екеуінің тұңғышы – Мұқаметжан 1941 жылы туған. Соғыстан оралған соң Ахметжан, Ақжан, Жұмажан, Мағзом, Айжан, Зинахан, Гүлнар, Есімжан есімді ұл-қыздары дүниеге келіпті.

Жан жарасы жүрегіне зілдей салмақ салса да майдангер Құсайын еңсесін түсір­ген жоқ. Соғыстан кейін 34 жыл өмір сүрді. Ал жары Нағима мүгедек күйеуін баладай мәпеледі.

«Жасы менімен шамалас ұлы Мағзом­ның көзі тірісінде айтқан мына әңгімесін ұмытқан жоқпын. Ол «Шешем әкемді балаша шомылдыратын еді. Әкем кейде түнімен ұйықтай алмай, мазасызданып шығады. Мұндайда шешем қолдау білдіріп, тамақтың дәмдісін аузына тосып отырады. Бірақ ешқашан әкемнің көңілін қалдырған емес. Шешемнің табандылығына, еріне деген құрметіне таңғаламын. Әкемнің соғыстан кейін 34 жыл өмір сүруіне анамның көп еңбегі сіңді», деп отыратын еді», дейді Т.Дәрелұлы.

Құсайын Өтешқалиұлы 1977 жылы өмірден өтті. Сол кезде оның жасы 62-де болған.

«Майдангер ақын Әбу Сәрсенбаев жүрегі мейірімге толы, сезімтал адам ғой. Сұрапыл соғыстан оралған майдангерлерге, өзінен қолдау күткен барша жанға көмек беруден тартынбайтын еді. 60-жылдардың ортасында Құрманғазы ауданындағы «Красная Армия» ұжымшарының клубын­да қаламгермен кездесу өтті. Сол кездесу­ге екі жігіт Құсайын Өтешқалиевті екі жағынан көтеріп кіргізді. Міне, осы кезде Әбу Сәрсенбаев мүгедек майдангерді мойнынан құшақтап, көз жасына ерік берді. «Бұл Құсайын – «Алтын жұлдыз» бұйырмаған нағыз батыр» деген еді. Сонан соң өзінің «Сен құрметте оны» деген өлеңін оқыды. Бұл – Құсайын Өтешқалиевке арналған өлең», дейді Т.Дәрелұлы.

«Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,

Қолтықтағы ұзын таяғын.

Кеше елге қатер төнгенде

Ол жауға қарсы шапты,

Бізді жалмамақ болған ажалды

Өр кеудесімен қақты.

Ол арыстанша алысты,

Өлім соққысын өз үлесіне алды.

Денесін оқ пәршелесе де

Ел намысын қорғап қалды.

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Сенің келешегің үшін берді ол

Азаттық жолында аяғын!»

«Ақынның бұл өлеңін кездесуге қатысушылар тік тұрып тыңдады. Өлеңді кітаптан, не баспасөзден оқыған бөлек ғой. Ал автордың өз аузынан естудің әсері тым ерекше болады екен», дейді Т.Дәрелұлы.

 

Атырау облысы