
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Қайткен күнде де әлем жұртшылығы да соғыс нүктесінің қойылғанын күтіп отыр. Осыған дейін кімнің жеңетіні қызық болса, енді соғысты мейлінше тез арада тоқтату мәселесі өзекті бола бастады.
Өткен аптада Украинадағы бітімгершілікке қатысты оқиғалар асқан жылдамдықпен өрбіді. Дональд Трамптың Владимир Путинмен күтпеген әңгімелесуінен кейін Америка президенті командасының бірнеше мүшесі Киевті қыспаққа алып, депрессия тудырған мәлімдемелер жасады.
Демалыс күндері өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Украинадағы мәселені бейбіт жолмен реттеу тақырыбы өзекті мәселелердің біріне айналды. Ал одан кейін Украинадағы бейбітшілік оқиғасының даму желісі үзілмеді – Еуропа елдері басшылары мұны Парижде талқыласа, Ресей мен Америка делегациялары Сауд Арабиясында соғыс басталғаннан бері алғаш рет кездесті.
Мюнхендегі конференцияда ВВС Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен сұхбат құрып, құбылып жатқан әлемде Киевтің стратегиясы қандай болуы керек, Дональд Трамптың командасы соғысты аяқтай ала ма, Украина өз өмірін қалпына келтіре ала ма деген сұрақтарын қойыпты.
«2023 жылдың қаңтарында Украинаның жеңісі туралы сенімдірек айтылушы еді. Өкінішке қарай, бұл сөз қазір саяси сөздіктерден жоғалып кетті, бұл – Украинаның ғана емес, Еуропаның және әлемнің проблемасы. Украинаның жеңісі әлі де мүмкін бе? Иә. Қазіргі таңда бұл бағытта қолға алынып жатқан жұмыс жеткілікті ме? Жоқ. Өйткені негізгі астаналар жеңіс үшін емес, соғыстың аяқталуы үшін ойнай бастады. Ал соғыстың аяқталуы әртүрлі жолмен болуы мүмкін», дейді Д.Кулеба.
Ең қызығы, соғысты тоқтатуға қатысты қызған әңгіме Трамп пен Путиннің ғана төңірегінде өрбіп жатыр. Әрине, еуропалық өзге де елдердің басшылары ауық-ауық үн қатқаны болмаса, бітімге шақыруға аса бір қатты кірісе қойған жоқ. Ал қос держава басшыларының телефон арқылы сөйлескенінен ендігі әлем жаңыла бастады. Бастысы, бұл екі тарап та соғысты тоқтатуға толыққанды мүдделі. Алайда алғашқы келіссөздер кеңістігінен украиналық тараптың тыс қалуы Зеленскийге ұнамай қалды. Тағдыры шешілгелі тұрған елдің де өз айтары бар екенін ескерсек, Украина президенті мұндай келіссөздердің, яғни «ресми Киевсіз өткен келісімнің біз үшін құны көк тиын» дегенге келтірді.
Осыған дейін Украина бұл соғыстың нүктесін қойса, осы АҚШ қояды-ау деген үмітпен келді. Бірақ екі-үш күннен бері ахуал күрделене түсті. Себебі Трамп Украина келісімді бұзды деп мәлімдеді. Мәлімдеді деу бер жағы, Владимир Зеленскийді жерден алып, жерге салды. «Диктатор» деді, «комик» деді, қысқасы, дәл қазір АҚШ басшысының көңіл күйі алаңдатады.
ВВС жазғандай, АҚШ президенті Украинаны сирек кездесетін металдар жөніндегі келісімді бұзды деп айыптады. Америкалық тарап бұл келісім Киевті қолдауға кеткен есіл ақшаның есесін қайтаруға мүмкіндік берер еді деп байбалам салды.
«Бізде сирек кездесетін металдар мен өзге де қазбалар туралы келісім болған. Олар бұл келісімді екі күн бұрын бұзды», деді Д.Трамп Майамидегі инвестициялық форумда.
Өз сөзінде Д.Трамп В.Зеленскийге біраз өкпесін айтып тастады және АҚШ Киевке көмек көрсету үшін 350 млрд доллар жұмсағанын, бірақ Еуропа елдерінен айырмашылығы оның қайтарымына ештеңе алмағанын айтты.
Естеріңізде болса, ақпанның басында Д.Трамп Киевке көмек ретінде Украинаның минералдық ресурстарына қол жеткізгісі келетінін айтқан. Оның айтуынша, Украина жері сирек кездесетін металдар қорына өте бай.
«Мен құйған қаржымыздың құрдымға кетпей, қайтарылатыны сенімді болғанын қалаймын, өйткені жүздеген миллиард доллар жұмсадық», дейді Д.Трамп.
Өткен аптада АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент Украина сапары кезінде Киевке минералдық ресурстарға қатысты инвестицияны қамтитын серіктестік келісімінің жобасын ұсынған. Ал В.Зеленский мұны зерттеп, анық-қанығын зерделеп көруге ниетті екенін мәлімдеген-ді.
Көп ұзамай Батыс бұқаралық ақпарат құралдары Мюнхен қауіпсіздік конференциясында В.Зеленскийдің АҚШ минералдық ресурстардың 50 пайызына иелік ететін құжатқа қол қоюдан бас тартқанын хабарлады. Кейін ол құжаттың шикілігін алға тартып, әлі қол қоюға дайын еместігін жеткізді.
Ал әлеуметтік желі арқылы ашу-ызасын білдірген Д.Трамп В.Зеленскийді тағы да айыптап, елді соғыстан құтқару үшін бітімге келуді тездетуді талап етті. Соғысты тоқтата алмағаны үшін де біраз сөккендей болды. Бұл туралы Д.Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында журналистерге берген сұхбат барысында айтса, одан кейін сәрсенбі күні таңертең ол «Truth Social» желісінде ұзын-сонар жазба қалдырды. Онда ол В.Зеленскийдің жеңіп шығуы мүмкін емес және басталмауға тиіс болған соғыспен арпалысуы үшін АҚШ билігін 350 млрд доллар жұмсауға барынша сендіргеніне қапаланды.
Д.Трамп АҚШ Еуропаға қарағанда 200 млрд доллар көп жұмсады және Еуропаның ақшасына «кепілдік берілген» деген аргументін алға тартып, АҚШ соғыста көмекке берілген шығынның орнына ештеңе алмай отырғанына тағы ашуланды. Сондай-ақ Д.Трамп Украина басшысын «сайлауды өткізуден бас тартты» деп айыптап, сайлаусыз-ақ президенттігін жалғастырып отыр деп сынады. Дегенмен Украина заңы бойынша елде соғыс жағдайында сайлау өткізуге болмайды және мерзімі өтсе де президент қызметін жалғастыра береді.
Қысқасы, бұл соғыстың жуық арада тоқтамайтын түрі бар. Ал әлем Д.Трамптан көп үміт күтті. Бірақ келісім туралы әңгіме шыққалы жағдай оңалмақ тұрмақ, одан әрі күрделеніп, ушығып бара жатқандай. Себебі миллиардтаған доллардың қайтарымы В.Зеленскийді тығырыққа тіреп тұр. Саяси сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев соғысқа қатысты ойын бөлісті.
«Көпшілік соғыстың аяқталуын АҚШ президенті Д.Трамптың билікке келуімен байланыстырды. Өйткені ол сайлауалды науқанында соғысты қаласа бір күнде тоқтата алатынын мәлімдеген еді. Алайда қазір оның әкімшілігі бұл мәселені шешуге 100 күн қажет екенін айтады. Мюнхен конференциясы өтті, Эр-Риядтағы екіжақты кездесулер, сондай-ақ Д.Трамптың В.Путин және В.Зеленскиймен телефон арқылы келіссөздері жүргізілді. Бірақ дәл осы кезеңде әскери қақтығыс күшейе түсті. Украина мен Ресей соғысты жеңіске дейін жалғастыруға бел буғанын көрсетіп отыр. Д.Трамп әкімшілігі шешілуі қиын міндетпен бетпе-бет келді. Украина төрт облысты және Қырымды Ресейге беруге келіссе, Курск облысынан әскерін шығарса, НАТО-ға кіруден бас тартса, Киев билігін Кремльге ыңғайлы үкіметке ауыстырса және тағы басқа талаптарды орындаса ғана Ресей бейбіт келісімге келуге дайын. Украина бұл шарттарға ешқашан көнбейді, себебі бұл өз жерлерінен бас тарту, тәуелсіздігін жоғалту және кез келген сәтте Ресейдің жаңа шабуылына ұшырау дегенді білдіреді», дейді сарапшы.
Айтпақшы, сәрсенбі күні Киевке Дональд Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог келіп кетті. Басты тақырып – бейбіт бітімді жылдамдату.