Фото: Ұлттық Ұлан
Ұлттық ұланның кинология орталығында туған бельгиялық, голландық және неміс овчаркалары келешекте жедел-қызметтік міндеттерге тартылатын жоғары дайындықтан өтеді. Жыл басынан бері өсірілген 12 күшік өзге әскери бөлімдерге жөнелтілген. Қазір орталықта 30-ға жуық жас ит тәрбиеленіп жатыр.
«Алғашқы 45 күнде күшіктер енесінің сүтімен қоректенеді, кейін құрғақ азыққа көшіріледі. Одан соң оларды қоршаған ортаға бейімдеу жұмысы жүргізіледі. Үш ай толғанда түрлі кедергілер алаңына шығарылады. Бұл кезде олардың есту дағдысын дамыту маңызды, сондықтан әрқайсына есім беріледі. Кейін «отыр», «тұр», жат» секілді пәрмендер үйретіледі. Бұдан кейін тапсырмалар күрделеніп, иіс арқылы зат іздеу кезеңіне өтеді», деді кинология орталығының офицері майор Жантөре Мендиоразов.
Бүгінде Ұлттық ұланда шамамен мыңға жуық қызметтік ит бар. Тек биылдың өзінде олардың қатысуымен 120-дан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Кинология орталығында өсіп жатқан жаңа буын сол дәстүрді жалғастырып, ел қауіпсіздігіне қызмет етпек.