Тұлға • 25 Ақпан, 2025

Сексен алтыншы жылдың сүреңі

88 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жазушы Бекежан Тілегеновтің қалам қуаты мен шығар­машылық шеберханасынан белгі беретін «Қара жел», «Тұйық өмірдің құпиясы», «Сексен алтыншы жыл» романдары – тәуелсіздік жылдарының ширегінде оқырманға ой салған оқшау дүниелер. Осы шоқтығы биік туындылар хақында Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Тұрсын Жұртбай сынды сөз зергерлері де жылы лебіз арнағаны мәлім.

Сексен алтыншы жылдың сүреңі

Бекежан Тілегеновтің «Сек­сен алтыншы жыл» романы алғаш рет 1994 жылы республикалық «Жұлдыз» журналының №7-9 сан­дарында басылып, Алаш бала­сының азаттығы жолында шейіт болған қазақтың қайсар қыздары мен намысын жігеріне жаныған жігіттердің жан әлемін әйгілеп берді. Бір қарағанда тәуелсіздікке тілекші болған жастармен қатар өткен ғасырда саясаттың сойылын соғып, дойыр қамшысымен дүрсе қоя беретін, биік мінберлерде мінсіз болып көрінген жандардың кескін-келбеті, бірінің аузына екіншісі түкіріп қойғандай сөйлей жөнелетін саяси персонаждардың өзі жазушы суреттеуінде ерекше реңк тапқан.

Алдымен жазушының жазған шығар­масына тамсанудан бұрын өзіне етене таныс тақырыпты қаузап отырғаны да оқырманын ойландыратын жайт. Белгілі бір шеңберді шиырлап, шыр айналып, өзінен мансабы зор шенеуніктің алдында құрдай жор­ғалайтын номенклатура өкіл­дерінің образдары – ой қуала­ған оқырманның кей тұста ашу-ызасын шақыратыны да шындық­қа саятын сөз.

в

Тұтастай алғанда туынды ша­рықтау шегі мен шиеленісу тұ­сын­дағы лирикалық шегіністер­ді есепке алмағанда, бар болғаны он бір айдың ішінде орын алған оқи­ғаларға ғана құрылған. Жазу­­шы­ның байқампаздығын біл­діретін, аңғарымпаздығын ай­қындайтын «Сексен алтыншы жыл» романы Мәскеудің кино институ­тын тәмамдап, Алматыға кинорежиссер болып оралған Айдын­ның тұрмыстағы кикілжіңінен бас­талады. Шығарма автордың «бұл еңбегімді «декабристер» ­де­ген атаққа қалып, 86-жылдың қасіреті мен тауқыметін көтерген қазақ жастарына арнадым» деген ескертпесімен басталады.

Шығарманың негізгі кейіп­керлері Айдын мен Жібек, Айдын мен Нәзік айналасында өрбитін оқиғалар адам жанынан, олардың арман-аңсарынан хабар беріп отырады. Шы­нын айтсақ, оқиғаның дамуынан асып, шиеленісу тұсына дейінгі ара­лықта Айдынның отбасы, ошақ қасы маңында өрбіген сюжет­тер жиынтығы мен бірсыдырғы баян­дау да, көпсөзді диалогтер де ке­йіпкерді мейілінше аша түсуді көздегенін ұғуға болады. Жазу­шы кейбір көріністер мен сезім қытықтайтын әсерлі суреттер ар­қылы романның негізгі жүгін ұмыттырып, тіптен басқа қиырға тартатындай көрінетіні рас-ты. Ал шын мәнінде, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болып оққа ұшқан, жүкті әйелі көз жұмған Айдынның жанайқайы мен бірді-екілі адамдар арқылы жазушы мың­дардың мұңын, қыршыны­нан қиылған жастардың қасірет­ті тағдырын жарияға шығарып отыр деуге болады.

Ал енді екінші жағынан үңіл­сек, өзінің баласындай немесе бауыр-қарындастарындай жас­өспірімдер аяу­сыз қырғынға ұшы­рап, жазықсыз жапа шегіп жат­қанда қыңқ етпейтін «ел аға­ларының», жалпы жұрттың тұт­қасын ұстаған тұлға­лар­дың қыңқ етпей, безбүйрек қалпында жоғарыдан түскен нұсқауға бас шұл­ғып, жайлы тақ үшін жан­та­­лас­қан шенділер шеруі де жазу­шы­ның сөз аңғарынан қы­лаң ұрады. Сол себепті бұл шығар­мада ұлтын ұлт­арақ қылып бер­ген партия бел­сенділері, қатал­дық пен қаттылық­тың құрбаны болған жастар басты панорамаға шыға келеді.

Жалпы алғанда, «Сексен ал­тыншы жыл» романы көтері­ліс­ке шыққан жас­тар­дың ер­лі­гін көрсетуді ғана нысанаға алма­ғанын ұққан жөн. Бұл соған жол берген саяси жүйенің әлсіздігі десек жарасар. Романның: «...халық қашанда саясаттан аулақ тұрады. Билік қабаты алдымен өз жайын ойласа, халық ел, жер қамын ойлайды. Ұлттық намыс тапталған­ға алғашқы топ қорланбаған­мен, халық намыстанды. Ел, жұрт, ұлт тағдыры басшы топтың қабырғасын қайыстырмаған­мен, халықты ашындырды. Намыс – елдің таңбалы туы. Сол туды желбіретіп көтерген де халық болды», деп түйін табуы біз айтқан сөздің дәлелі болса керек.

Романдағы кинорежиссер Айдын, суретші Мәмбет, актриса Нәзік, Болат, Кәмкен, Сәлкен мен Дариға, Жүніс пен Бибі­хан жұптары сәтті сомдалған образ­дар. Бұған Әміров, Камалов, Бірінші, Ушуров, Сәрсенов сияқты кейіпкерлердің қосы­луы тіптен өзгеше өріс тапқан. Романдағы Айдынның шешесі Дариға күйеуінің қызметі өсуі үшін шенді шенеунікпен кө­ңіл қосатыны, арсыздығын дәлел­деп беретін бір ғана деталь шын мәнінде құдайсыз қоғамның көлеңкелі жақтарын әшкере етеді. Ұлтшылдық рухы тасы­ған Кәмкеннің бір өзі қазақты кемсіткендермен теке-тіреске түсуі дами келе оны Желтоқсан оқи­ға­сының басты кейіпкері етіп шығарады.

Роман Желтоқсан көтерілі­сін қаузаған соқталы шығарма екені сөзсіз. Тақы­рып­қа тереңдеу арқылы автор атыс-шабыс, айғай-сүреңнен бұрын желтоқсан оқи­ғасының неден бастау алғаны, жас­тар­дың жанартаудай атылуы неден бас­тау алды деген сұрақтың жауабын да іздес­тіреді.

 

СЕМЕЙ