
Сурет: dknews.kz
«Былтыр энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Бұл жоба аясында өнеркәсіп саласын дамыту үшін жаңа өнімдер шығару да қолға алынбақ. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады», деді Мемлекет басшысы.
Жолдауды іске асыру шараларының бірі ретінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев жобаны іске асыру жөніндегі жобалық кеңсенің алғашқы отырысында ұлттық жоба инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге, коммуналдық қызметтерді үздіксіз ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталғанын айтқан болатын.
Қазір жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау, су бұру салаларында қызмет көрсететін 87 монополист кәсіпорындағы энергетикалық, коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 65%-дан 100%-ға дейін жеткен. Осыған байланысты жобалық кеңсеге инженерлік желілер тозуын 40%-ға дейін төмендету, электр энергиясын өндірудің жаңа көздерін (қосымша 7,3 ГВт) салу міндеті қойылды.
«2029 жылға дейін коммуналдық желілерді жаңғыртуға инвестициялық қажеттілік 6,8 трлн теңгені, электр энергиясын өндіруге 6,2 трлн теңгені құрайды. Екінші деңгейлі банктерден, ұлттық қаржылық даму институттарынан, халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тартылады. Табиғи монополия субъектілерін қаржыландыру тетігін құру, жеңілдетілген қаржыландыруға немесе субсидиялауға өтінімдерді қарастыру «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға жүктелген. Жобалардың жүзеге асырылу барысына, құрылыс-монтаждау жұмыстарына бақылау жүргізу «ТКШ Қазорталық» АҚ-ның құзыретіне бекітілген», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Ұлттық жобада отандық өнеркәсіптің дамуына ерекше назар аударылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды 100% жүктеумен қатар, 27 жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын құру жоспарланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық тауар өндірушілер өндіретін тауарлар, жұмыстар, қызметтер тізімін әзірлеу, жосықсыз қатысушылар тізімін енгізе отырып, сатып алудың бірыңғай электрондық нысанын енгізу тапсырылды.
Бұл ретте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарын қолдау шаралары да жиі айтылып жүр. Төлем қабілеті бар топтар коммуналдық қызметтерді әділ, нарықтық тарифтер бойынша төлеуі керек. Осал санаттағылар тұрғын үй автоматтандырылған жүйесі арқылы тарифтердің өсуінен қорғалуға тиіс дейді мамандар.
Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалар ең өзекті мәселелердің бірі, олар кешенді әрі жедел шешуді талап етеді. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесе отырып, Ұлттық жобаны іске асырудың Жол картасын әзірледі. Жобаны сәтті жүзеге асыруға министрліктер, әкімдіктер мен жеке сектордың өзара ынтымақтастығы, сондай-ақ азаматтардың белсенді қатысуы қажет.