Сұхбат • 25 Ақпан, 2025

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ: Халыққа тиімді құжат қабылданды

204 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңды талқылау ісіне Мәжіліс депутаттары белсене атсалысып, халыққа тиімді өзгерістерді қабылдауға мұрындық болғаны белгілі. Осыған орай заң жобасына қатысты жұмыс тобына жетекшілік еткен Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновпен сұх­бат­тасып, құжаттағы өзгерістердің мән-жайын сара­ла­дық.

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ: Халыққа тиімді құжат қабылданды

– Ұлықбек Шабданұлы, бұл заңның басты жаңалығы қандай?

– Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң халықты, соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал топты баспанамен қамтамасыз ету­ге үлкен бетбұрыс әкелді деп ай­та аламыз. Үкімет әзірлеген жоба­ны талқылап қана қоймай, оң өз­герістер енгізуге Мәжілістегі жұ­мыс тобы, әріптестерім үлкен еңбек сіңіргенін атап өту ләзім. Мем­лекет басшысының тапсырмасы тұрғын үй саясатын жүр­гізуді орталықтандыру, халық­ты пәтермен қамтамасыз ету­дің тиім­ділігін арттыру, үй алу рә­сім­дерін оңтайландыру, сондай-ақ аза­мат­тардың барлық санат­ы арасында тұрғын үйді әділ бөлу­дің бір­ыңғай тетігін енгізу еді. Осы тап­сырманы жүзеге асыратын, ха­лыққа көп жеңілдік ұсына­тын құ­жат қабылданды деп ойлаймыз.

Біріншіден, осы заңның арқасында тұрғын үйге есепке қою ісі жүйеленбек. Бұған дейін әкімдіктер атқарып келген тұрғын үйге есепке қою және бөлу қызметі «Отбасы банкіне» берілді. Сәтін салса, мамыр айында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының жұмысы толыққанды басталмақ. Айта кету керек, мемлекеттік тұрғын үй қорына үй сатып алу және салу қызметі әкімдіктер құзырында қалды. Енді олар бұрынғыдай үйді салып қана қоймай, дайын пәтерлерді сатып алып, үй кезегіндегі азаматтарға береді. Әр қала бойынша шаршы метр құны белгіленіп, бұл жұмысты да қатаң қадағалау арқылы жүзеге асыру көзделген.

Екіншіден, баспана кезегіне қою жүйесінің ашықтығы қамта­масыз етіледі. Бұл ретте «Отбасы банкінің» интернет-ресурсында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған, сондай-ақ мем­лекеттік қолдау шарасын алған азаматтардың тізімі жарияланады. Енді жалдау және кредиттік тұрғын үйді есепке қою, беру немесе жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау туралы шешім­дерді «Отбасы банк» қабылдай­ды. Бұл ретте азаматтар­дың өтініштері онлайн форматта қабылдана­ды және тұрғын үйді бөлу автоматтанды­рыл­ған режімде жүзеге асырылады. Кез келген уақытта өз кезегіңді көріп отырасың. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді.

Үшіншіден, үй кезегіне тұру құқы барлық кәмелетке толған азаматқа беріледі. Бұл ретте кейінгі 5 жылда пәтеріңнің болмауы, сондай-ақ 3 жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелу талабы сақталады. Мемлекеттік қолдау шаралары тек бір рет берілетінін атап өткен жөн.

Төртіншіден, басты жаңалық  – заң шеңберінде бұрын сатып алу құқынсыз беріл­ген арендалық тұрғын үйлерді қалдық құнымен жекеше­лен­діруге құқық ұсыну көздел­ген. Бұл 70 мыңнан астам азамат­қа шарапатын тигізбек. Қазір­дің өзінде 396 адам үйін жеке­ше­лендіріп алды. Өтініш беру­шілер күн санап өсіп жатыр.

– Ол үшін бастапқы жарна ретінде 30 пайызын төлеуі керек қой? Әлеуметтік осал топтар үшін бұл сома ауырлау болмай ма?

– Иә, бастапқыда солай делінген. Бірақ осы жақында ғана Үкіметтің жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін қаулысына қол қойылды. Өзгерістерге сәйкес бастапқы жарна 10%-ға дейін төмендеді, ал құны 15 млн теңгеден асатын пәтерлер үшін бөліп төлеу мерзімі 15 жылға дейін ұлғайды. Бұрын бастапқы жарна 30% болатын, бөліп төлеу мерзімі тек 10 жылға дейін еді. Бұл өзгерістер осы жылдың 4 ақпанынан бас­тап күшіне енді. Оның үстіне пәтер құны қазіргі нарық­тағы бағамен емес, қай кезде алды, сол тұстағы өлшеммен анықталады. Сонымен қатар сол бастапқы құнынан жыл сайын­ғы 2 пайыздық тозу шегері­ле­ді. Содан қалған соманы ғана төлейсіз. Оның өзін 10 немесе 15 жыл бөліп, пайызсыз өтеп отырасыз. Қарап отырсаңыз, бұл – халыққа үлкен жеңілдік.

– Кәмелетке толған бар­лық азаматтың үй кезегіне тұруы­на мүмкіндік беру, жалға беріл­ген үйді жеке­шелендіруге рұқсат ету – жақсы бастама. Дегенмен бұл онсыз да арнасынан асып тұрған кезекті одан сайын ұл­ғайтып, үйге мұқтаждар­дың шаруасын қиындатып жібермей ме?

– Жоқ. Керісінше баспана­ға мұқ­таж адамдардың үй алуын жеңіл­дете түседі деп ойлаймыз. Өйт­кені жұмыс жүйелене­ді. Кезекке онлайн тұрады, әр меке­ме­нің табалдырығын тоз­дырмай­ды. Үйге мұқтаж адам­дардың де­ре­­гі бір базада шо­ғыр­ланған соң, оны реттеу де оңай болады. Түр­­лі жеңілдетіл­ген ипотекалық бағ­­дар­­ламаларды алу жеңілдей түседі.

Сондай-ақ тұрғын үйді бөлу есепке қою күніне, табыс деңгейіне байланысты жүзе­­ге асырылады. Яғни ұзақ уақыт кезекте тұрған азаматтар бірінші кезекте тұрғын үй­мен қамтамасыз етіледі. Заңға сәйкес, тұрғын үйлерді бөлуде ескері­летін критерийлерінің бірі – азаматтардың табыс дең­гейі. Қазір Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігі тұрғын үйге қол­жетімділік сатысының жобасын дайындап жатыр.

Ал жекешелендіруден түскен ақша мемлекеттік бюд­жетті толықтырады. Бұл әкім­діктерге үй салу мен сатып алуды жеделдетуге, кезекте тұрғандарды тезірек тұрғын үймен қамтамасыз етуге септеседі деп ойлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»