Шаруашылық • 25 Ақпан, 2025

Сүбелі сүт өнімі

181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аграрлы аймақта биыл тауарлы сүт көлемі 40 мың тоннаға көбейіп, жалпы өнім көлемі 1,5 есе артпақ. Ойға алған істің орындалуы­на алты мың бас сиырға шақтал­ған 7 бірдей ірі тауарлы сүт фермасы­ның іске қосылуы сеп­тігін тигізбек.

Сүбелі сүт өнімі

Осы арада мемлекет тарапынан көрсетіліп отыр­ған қамқорлық туралы ек­пін түсіріп айта кетсек, ар­тық болмас. Қамқор­лық­­тың арқасында ауыл ша­руа­шылығы өнімін өндірушілер мол мүмкіндікке ие болып отыр. Ел еңсесін көтеруге тиісті іске небәрі 2,5%-бен 10 жылға несие беріледі. Жаңадан іске қосылатын тауарлы сүт фермаларына бөлінген 15 млрд теңге қаражат игерілген. Өткен жылы 4,9 мың басқа лайықталған бес ірі тауарлы сүт фермасы іске қосыл­ды. Жіліктеп айтатын бол­сақ, «Родина Агрофирмасы» серіктестігінде 1,1 мың басқа шақталған тауарлы сүт фермасы жұмыс істей бас­та­ды.Екі мың бас сауын сиыр­ға арналған сүт фермасын Целиноград ауданына қарас­ты «Ен дала» серіктестігі ұйым­дастырды. Аршалы ауданын­да 600 бас мал ұстайтын ферма іске қосылды.

Ақкөл және Жарқайың аудандарында да жаңадан салынған екі ферма тауарлы сүтті молайтуға өз үлестерін қосып жатыр. Биыл Атбасар ауданындағы «Бастау» серік­тестігі 1,2 мың бас сауын сиырға лайықталған ферма салса, Зеренді ауданындағы «Agro Milk Project» серіктес­тігі де ырыздықты молайтатын шаруаға бел буып отыр. Серіктестік басшысы Юрий Щвецке ауыл шаруа­шылығының сан салалы шаруасы таңсық емес. Бұған дейін жер емшегін емген ұжымға жетекшілік еткен. 2020 жылдан бастап сүтті бағыттағы малмен айналыса бастады.

Тауарлы сүт фермасы орна­лас­қан Симферополь село­сында 325 бас гольштейн-фриз асыл тұқымды мал бағылады. Оның 150-і – сауын сиыр. Осы арада бұрыннан белгілі болса да, асыл тұқымды малдың артық­шы­лы­ғын тағы бір айта кеткенді жөн кө­ріп отырмыз. Қақаған қыста да әр сауын сиыр 25 литрден сүт береді екен. Жазды күндері 28 литрге жетпек. Тұқымы азған жергілікті сиыр 8–10 литр ғана береді. Ауылдағы малсақ қауым бесбатпан бейнетін арқа­ла­ғанымен, аузының жарымай келе жат­қаны да сол. Қолдағы түлік­тің са­пасын жақсартуға қанша ұмтыл­ға­нымызбен, сіңіре будандас­тыру ар­қы­лы толайым асылдандыра алмай отырмыз.

Ендігі бір мәселе – мал азығы. Өңірдегі шабындық жерлердің шұ­райы кеміген сайын мал азығы қасқал­дақтың қанындай болып кетті. Малсақ қауымның көкейінде жүрген бір сауал бар. Қазір өңірде майлы дақылдарды өңдеп, ұқсата бастады. Сол цех­­тарда қалатын дақыл қал­­дығы шетелге асырылып ж­а­тыр. Өзіміз зәру болып отыр­­ған­дықтан, мал азығына әб­ден жа­рай­тын қалдықты ел ішін­де пай­далануға болмай ма?

Екінші тауарлы сүт фер­масының Еленовка селосы­ның іргесінен қоныс тебуі те­гін емес. Осы жерде ша­руа­­­шы­лықтың 3 000 гектар егіс ал­қа­бы бар. Мал шаруа­шылы­ғы мал азығы­ның өндірісіне тәуелді. Ұжым ал­дағы уақытта көпжылдық екпе шөп алқабын кеңейтіп, мал азығына қа­жетті дақылдарды молайтпақ.

– Тауарлы сүт фермасы – ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы шығыны көп іс, – д­ейді серіктестік басшы­сы Юрий Анатольевич. – Әйтсе де, жеңілде­тілген несие бағ­дарламасы үміт отын тұта­тып тұр. Үстеме бағасы да көп емес. Әрине, кепілдік зат қо­йып отырмыз. Бұған де­йін дәл осындай «жеңіл» не­сие бол­ған емес. Мем­ле­кет­тің қолдауынсыз ісімізді алға жыл­жыта алмас едік.

Қазір жалпы аумағы 4 гек­тарды қамтитын жаңа та­уа­рлы сүт ферма­сының құ­ры­лысы қолға алынған. Өткен жылдың тамыз айында бөлінген 755 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Мал қорасы, төл тұратын жылы орын салын­бақ. 324 бас асыл тұқымды қара мал бағылады. Тауарлы сүт фермасының сүт сауатын құрылғылары Ресейден жет­кізілген. Шаруашылық бас­шысының айтуынша, мал көктемде төлдей бастамақ. Ферма іске қосылған кезде 30 жаңа жұмыс орны ашы­лады. Қыс айларында меха­низа­торларға тұрақты жұмыс бар, ал сауыншы жетіспесе, көрші ауыл­дардан, тіпті Көкшетау қаласынан шақыртылады.

Тағы бір түйткілді мәселе – ветери­нарлық қызметті дұрыс жолға қою. Қазір екі тәжірибелі мал дәрігерімен ке­ліссөз жүргізіліп жатыр екен. Асыл тұ­қымды малдың денсаулығын назардан тыс қалдырмаған жөн. Осылайша, бар шаруа ретімен жүзеге асырылып келеді. Мал сүмесімен күн көрген өңір­де барды ұқсата білгенге не жет­сін, шіркін!

 

Ақмола облысы