Бизнес тәуекелге толы. Тіпті дайын модель ұсынатын франшизаның өзі табысқа кепілдік бере алмайды. Кәсіпті ілгерілету, дамыту, ұстап тұру – сіздің жауапкершілігіңіз. Табысты бизнес дегеніміз – ұдайы оқу, өзгерістерге тез бейімделу, жаңа мүмкіндіктер іздеу және үдерістерді жақсарту. Бизнес уақытты ғана емес, бар күш-жігеріңді жұмсауды талап етеді. Ол жерде сіз 9-дан 6-ға дейін жұмыс істемейсіз. Тәулік бойы тыным таппай жүресіз. Белгісіздіктер мен стреске дайынсыз ба? Өз бетіңізше шешім қабылдай аласыз ба? Әдепкі қиындықтарды жеңе алатын ресурс жеткілікті ме? Міне, осы сұрақтарға жауабыңыз болуы өте маңызды.
Бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлер көп жағдайда мынадай қателіктерге ұрынады.
Маркетингтен үнемдеу. Көбі мұны аса маңызды деп санамайды. Салдарынан клиент сіздің бизнесіңіз туралы жеткілікті деңгейде хабардар болмайды. Ал кәсіпті жарнамалаусыз, алға жылжытусыз өсу мүмкін емес.
Қаржы есебінің болмауы. Ақша қалай болса солай жұмсалады, ешкім кіріс пен шығыс есебін жүргізбейді. Егер әр тиынның есебін білмесеңіз, онда минусқа кірдім дей беріңіз.
Клиентті түсінбеу. Көбі өзінің мақсатты аудиториясын зерттемей, білмей жатып бизнес аша салады. Ақырында сатылым деңгейі өте төмен болады, кейде тіпті тауарлар (қызметтер) мүлде өтпей қалады.
Білім алуды ескермеу. Кейбір адамдар бәрін білемін деп ойлайды. Алайда жаңа білім мен дағдыларды игермей, бәсекеге қабілетті болу өте қиын.
Шығындарды жете бағаламау. Шығындар көбінесе үстірт есептеледі, әсіресе іске қосқан кезде және алғашқы айларда. Сондықтан қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін.
Перфекционизмге ұмтылу. Үнемі жетілдіріп отыру және әрдайым бәрін керемет істеуге деген ынта адамды тығырыққа тірейді. Одан да істі тәуекел етіп бастап кетіп, үдеріс барысында жетілген дұрыс. Қателіктен ешкім де қашып құтыла алмайды, бірақ шаруаға мейлінше жауапты һәм сауатты келер болса, қателіктерді азайтуға болады.
Шағын бизнестегі кішкентай қателіктің құны өте қымбат. Қазақстан сияқты шағын нарықта бәсеке қатаң, ал клиент аз, мұндайда әрбір қателік абыройға, табыс пен болашаққа тікелей әсер етеді. Бизнес құласа, онда оны қайта көтеру қиынға соғады. Нарық мұндайды кешірмейді, клиенттер болса лезде балама нұсқа таба қояды. Шағын бизнестегі қателік – сабақ қана емес, бәрін жоғалтып алу тәуекелі. Сондықтан жауапкершілікті сезіну, өзгенің тәжірибесінен сабақ алу, жеті рет өлшеп, бір рет кесу аса маңызды.
Бір жағынан, біздің елдегі шағын бизнесті «тіршілік үшін күрес» деп сипаттаса да болғандай. Үнемі болатын дағдарыс, өзгеріс пен қиындық қалыпты нәрсеге айналып кетті. Девальвация мен инфляция бұл күнде бизнестің «айнымас серігіне» айналды. Шикізаттың да, аренданың да бағасы өсіп жатыр, ал төлем қабілеті төмендеуде. Сен бюджетке арқа сүйейсің, алайда бірер жылдан соң ол өзектілігін жоғалтады. Өсімнің орнына жай ғана ақшаңды жеткізе алғаныңа риза боласың. Салықтың өзгеруі, валютаның құбылуы, нарық белгісіздігі стресс туғызады және стратегиялық ойлануды шектейді. Ақша жетіспеушілігі де – үлкен мәселе. Банктердің несиесі қымбат.
Қазір сапалы өнім жасау жеткіліксіз. Тұтынушылар эмоцияны, атмосфераны, ерекше бір сезімдерді талап етеді. «Арзан әрі дәмді» қағидасы қазір жұмыс істемейді. Сонымен қатар ең үлкен проблема – адамдар. Кадр тапшылығы қатты сезіледі. Оқуды қажет ететіндері де көп. Сондықтан біз автоматты түрде жұмыс беруші ғана емес, ұстазға да айналдық.
Мұның бәрі кәсіпкерлердің келешекке күмәнмен қарауына алып келеді. Біз алға жылжымаймыз, жай ғана кері кетпеуге тырысамыз. Жаңа жобалар мен жоспарлар кейінге ысырыла береді. Кәсіпкер дамуы үшін тұрақтылық, болжамдылық және барьерлердің азаюы маңызды. Сол кезде ғана бизнес экономиканың қозғаушы күшіне айналады.