
Жарыстың алғашқы күні бүркіт құстарының бәсекесімен басталды. Құсбегілер бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу кезеңдерінде өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан 18 құсбегі ақтық мәреге жолдама алды.
Сайыстың екінші күні қаршыға мен ителгілердің сынға түсуімен жалғасты. Бұл жарыстарда да құстардың алғырлығы, ұшуға дайындығы, аң мен құсты алу қабілеті және құсбегінің баптау шеберлігі сарапқа салынды.
Чемпионат қорытындысына сәйкес бүркіт құсы санатында бас жүлдені Ақмола облысының өкілі Ерлан Кенжетаев жеңіп алды. Екінші орынды Абай облысының өкілі Ерзат Байқадамов еншіледі. Жүлделі үшінші орын Ақмола облысының тағы бір өкілі Руслан Тумырзинге бұйырды.
Қаршығаның алғырлығы мен ептілігі сыналған жарыста бірінші орынды Түркістан облысының өкілі Аршабай Дәурен алды. Одан кейінгі орындарды жамбылдық Серікболсын Жалғасұлы және тағы бір түркістандық Зәки Махмұтхан қанжығаларына бөктерді.
«Иегі ителгінің тамағындай» деп сұлу қыздың иегін суреттегенде қолданылатын шағын тұрықты ителгілердің сайысында қарағандылық Таңат Оспанқұловтың құсы алдына жан салмады. Екінші орынды павлодарлық Ермек Иманзайып және жүлделі үшінші орынды Алматы қаласының өкілі Сұлтансері Есентаевтың құстары иеленді.
Чемпионат күндерінде Қызылжар өңірінің аспаны жарқырап, нағыз «қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара» деп сыпатталатын қансонардағы әсем сурет тұрды. Бұл құсбегілер мен көрермендердің де делебесін қоздырып, қызулықтарын арттырды. «Ешкімге зияны жоқ өзім көрген Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп ұлы Абай айтқандай ұлтымыздың керемет өнерінің бірі халыққа рухани ләззат сыйлады.
Чемпионатты өткізуге Республикалық Құсбегілік федерациясының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы демеушілік жасағаны белгілі болды.