Балалар • 25 Ақпан, 2025

Алматылықтар 158 жетім баланы қамқорлығына алды

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған бастамалар қарқынды дамып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ұлттық бала асырап алу агентігі» жобасының жетекшісі Фарида Рахметова Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізуге арналған жаңа заң жобасының маңыздылығы туралы айтып берді.

Алматылықтар 158 жетім баланы қамқорлығына алды

«Ұлттық асырап алу агенттігі – бұл Қазақстанда асырап алу мәдениетін дамытуға және кәсіби қабылдаушы отбасыларды қолдауға сегіз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Ана үйі» қорының маңызды бөлігі», деді Фарида Рахметова.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 20 кеңес беру кабинеті жұмыс істейді, онда қор мамандары жетім балаларды отбасына қабылдағысы келетін азаматтарға көмек көрсетеді. Тек Алматының өзінде жоба іске қосылғаннан бері 2285 адам мамандардан кеңес алып, ал 818 азамат Қабылдаушы ата-аналар мектебінде дайындықтан өткен. Осы бағдарламаның нәтижесінде 105 алматылық отбасы 158 жетім баланы өз қанатының астына алған.

«Соңғы 12 жыл ішінде интернаттық мекемелердегі балалар саны 10 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарды. Алайда соңғы бес жылда бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр. Бұған басты себеп – жетім қалған балалардың көбінің жасөспірімдер, ерекше қажеттіліктері бар балалар немесе бауырларының болуы. Мұндай балаларды дәстүрлі қабылдаушы отбасыларға орналастыру қиынырақ», дейді «Ана үйі» қорының психолог қызметінің жетекшісі Лаура Акатаева.

Осыған байланысты Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізетін заң жобасы әзірленді. 2025 жылдың басында мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдап, құжат «Неке және отбасы туралы» Кодекске ресми түрде енгізілгені мәлім.

Жаңа жүйе аясында қабылдаушы ата-аналар арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби негізде жұмыс істейтін болады деп болжайды. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі: әрбір ата-анаға 70 АЕК және баланы асырауға 10 АЕК. Сондай-ақ мұндай отбасыларға міндетті қолдау, оның ішінде құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмектер енгізіледі.

«Қабылдаушы ата-аналар қатаң іріктеуден өтеді, олардың мотивациясы мен дайындық деңгейін анықтау үшін диагностикалық сұхбат жүргізіледі. Сонымен қатар, олар Қабылдаушы ата-аналар мектебінде оқытылып, бала отбасына қабылданғаннан кейін тұрақты түрде мамандардың қолдауын алып отырады», деп мәлімдеді Фарида Рахметова.