Әдебиет • 25 Ақпан, 2025

Әріптесіміз әдеби сыйлыққа ие болды

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Egemen.kz.

Әріптесіміз әдеби сыйлыққа ие болды

Оның ішінде «Egemen Qazaqstan» газеті, Мәдениет және әдебиет бөлімінің басшысы, әріптесіміз Жәнібек Әлиман «Поэзия» аталымында «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы үшін марапатталды.

Сондай-ақ Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы «Проза» номинациясы бойынша «2026» шығармасы үшін Есбол Социалханға, «Драматургия» номинациясы бойынша «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлишер Айтуарға, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Рокет Ера» повесі үшін Әсет Сыздықовқа берілді.

«Жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы Президент Жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – Мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беруі – оның ұстанып отырған реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы. Өйткені мәдениетті, әдебиетті дамыту – жас ұрпақтың жан-жақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ал рухани тұрғыдан кемелденген, білімді, еңбексүйгіш әрі патриот азаматтардан құралған қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдік құрады, адамдар өз әрекеттері үшін жауапкершілік алады, дәстүрге құрметпен қарап, ұлттың негізгі құндылықтарын ардақтайды»,  деді Аида Балаева.

Сондай-ақ мәдени мәжілісте Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсауы кесілді.